Мәжіліс жер қойнауын пайдалану және мұнай операцияларын өткізу мәселелері бойынша заңнамаға енгізілетін түзетулер бойынша жұмыс істей бастады

Жаңа құжат бойынша "Мұнай туралы" және "Жер қойнауы туралы және жер қойнауын пайдалану туралы" заңдарға түзетулер енгізілмекші.

"Түзетулер енгізудегі басты мақсат - жер қойнауын пайдалануға бағытталған операцияларда пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар мен қызмет түрлерін сатып алуда ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған нормаларды енгізу",- деді кеше құжатты депутаттарға таныстырған заң жобасын жасаушы жөніндегі жұмыс тобының мүшесі- еліміздің энергетика және минералды ресурстар министрі Бақтықожа Ізмұхамбетов. Министрдің айтуынша, сонымен бірге, жер қойнауын пайдалануға құқық беретін байқауларды ұйымдастырып өткізу мәселелерін реттейтін жер қойнауын пайдалану туралы заңнама нормалары жетілдіріледі.

Мәселен, министрдің айтуынша, "Мұнай туралы" заңда "теңіздегі ғылыми зерттеулер" атты терминнің анықтамасы нақтыланады. "Бұл теңізде іс жүзінде мұнай операцияланы жүргізбегенімен, сонымен біруақытта іс-қызметі мұнайгаз саласының мүддесіне қатысы бар мәселелерді зерттеумен шұғылданатын ұйымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ретке келтіруге мүмкіндік береді. Соның арқасында заңдағы бір олқы тұс - аталмыш операцияларды теңізде үкіметтің арнаулы рұқсатынсыз жүргізе беруге мүмкіндік тудырып келген жайт жойылады",- деді министр.

Сонымен бірге, министрдің айтуынша, "Мұнай туралы" заңның қазіргі редакциясы мемлекетке мердігерден мұнайды әлемдік нарықтағы бағаға сәйкес бірінші кезекте сатып алу құқығын береді. "Бұл норма мердігердің экономикалық мүддесін сақтап қалуға кепілдік беруден гөрі мемлекет өкілдері үшін сауда-саттық кезіндегі бағасының жоғарғы деңгейін шектеуге тиіс", дейді жоба авторлары. Осыған байланысты "Мұнай туралы" заңда мердігерден сатып алатын мұнайдың бағасын әлемдік нарықтағы бағадан артық белгілемеу ұсынылып отыр.

Заң жобасында "жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі байқауға ұсынылатын өтініште өтініш иесі атап көрсетуге тиіс мәліметтердің тізімі ұлғайтылған. Бұл мәліметтерге өтініш иесінің акционерлері мен қатысушылары, заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы даус беруші акциялардың жалпы санынан иемденетін үлес мөлшері нақты көрсетіледі",- деді министр.

Бұған қоса заң жобасында жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан тауар, қызмет және жұмыстарды сатып алуда байқау процедураларын сақтауға қойылатын мемлекеттік бақылауды күшейту тапсырылған. Мәселен, Б.Ізмұхамбетовтың айтуынша, "жер қойнауын пайдаланушыларға сауда-индустриялық саясатты мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті мекемеге сатып алулар туралы есепті тоқсан сайын таныстырып отыру міндеттелмек.

Сонымен бірге заңнамадан шартта жер қойнауын пайдаланушы тарапынан шарт бойынша жұмысқа тартылған қазақстандық жұмысшыларға төленетін жалақының деңгейі көрсетілуге тиіс деген норма алынды. "Бұл норма жалақысын шартпен қатаң бекіту арқылы жалдамалы жұқмысшыларды алалауға алып келуі ықтимал",- деді Б.Ізмұхамбетов.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті