Мәжіліс жер қойнауын пайдалану жөніндегі заңнамаға енгізілетін өзгерістерді мақұлдады



Бұл құжат жер қойнауын пайдалану саласындағы құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталған. Осыған байланысты "Мұнай туралы", "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы", "Ұлттық қауіпсіздік туралы" заңдарға өзгерістер енгізілмек.
Заң жобасындағы концепциялық ережелердің бірі ретінде жер қойнауын пайдаланушылардың иелігінен шығарылатын акциялар қоржынын екінші нарық болып саналатын биржалардан сатып алуда үкіметке басым құқық беретін норманы атауға болады. Бұл норманың ықпалын күшейту мақсатында депутаттар заңнамада аталмыш талапты орындамағаны үшін санкция қарастыруды ұсынды. Атап айтсақ, жер қойнауын пайдаланушы аталмыш шартты орындамаған жағдайда мемлекет келісім-шартын бір жақты бұза алады.
Заң жобасында сонымен бірге жер қойнауын пайдаланушыға өндіріс жұмысын тоқтатпастан газды толыққанды жарату бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін өтпелі кезең қарастырылды.
ҚР энергетика және минералды ресурстар министрінің орынбасары Бақтықожа Ізмұхамбетовтың түсініктемесіне сәйкес, бұл норма 2004-жылдың желтоқсан айынан бастап мұнайгаз кеніштерін игеруде ілеспе газды пайдалы жаратпай жағып жіберуге тыйым салынуына байланысты енгізіліп отыр. Вице-министрдің айтуынша, өтпелі кезең 2006-жылдың 1-шілдесіне дейін беріледі.
Сонымен бірге қолданыстағы заңнамаға ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптар елдің стратегиялық ресурстарын пайдалану жөніндегі келісім-шартына қол қоюда ғана емес, сонымен бірге аталмыш келісім-шарттарын өзгерткенде де міндетті түрде ескерілетіндігін заңдастыратын түзету енгізілді.
Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.

>Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті