"Заң жобасы жол қозғалысының қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік басқаруды одан әрі жетілдіруге, көліктегі апаттар деңгейін төмендету бағытында тиімді шаралар қабылдауға, сыбайлас жемқорлыққа жол беретін алғышарттарды жоюға бағытталады", -делінген мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің қорытындысында.
Атап айтсақ, Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі кодекске "жүргізушіге де, көліктің иесіне де әкімшілік жаза қолдануды" қарастыратын бап енгізіледі.
"Бұл шара халықаралық тәжірибенің негізінде енгізіліп отыр және ол автокөлік иелерінің көлік құралдарын лайықты жағдайда қауіпсіз пайдалану үшін жүктейтін жауапкершілігін көтеруге мүмкіндік береді", - делінген қорытындыда.
Сондай-ақ, заң жобасымен жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүргізуші құқығынан айыру мерзімін арттыру, автокөлікті мас күйінде айдағаны үшін жүктейтін жауапкершілікті күшейту, қозғалыс ережесін бұзғандардың арасынан бір жылдың ішінде әкімшілік заң бұзушылыққа қайталап жол бергендерді жол қозғалысы ережелеріне қатысты білімін тексеруге жіберу жөніндегі баптар енгізілмекші.
Заң жобасы мәжілістің салалық комитетіне екінші оқылымға дайындау үшін жіберілді.