Мәжілістің ұйымдастыруымен Марат Оспановты еске алуға арналған шағын футболдан жарыс өтуде

Бұл турнирге Парламент, Президент Әкімшілігі, Үкімет Кеңсесі, «Нұр-Отан» ХДП және «Хабар» агенттігі, «Егемен Қазақстан» газетінің командалары қатысуда. Жеңімпаз команда бүгін анықталады.

Бұл футбол турнирі ҚР Парламенті Мәжілісінің бірінші шақырылымының төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-экономист Марат Тұрдыбекұлы Оспановты еске алуға арналған.

Осы шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Бобров салауатты өмір салтын ұстануда мұндай турнирлердің маңыздылығы зор екенін айтты. Және де танымал қоғам қайраткері Марат Оспановтың құрметіне арналған жарыс жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқанын атап өтті.

Марат Оспановтың ұлы Арсен доп теуіп, ойынды бастап берді. Алғашқы кездесу Президент Әкімшілігі мен «Нұр-Отан» партиясы командалары арасында өтті. Бұл ойында Президент Әкімшілігінің аяқдопшылары жеңіске жетті.

Келесі кезекте Парламент пен «Егемен Қазақстан» газетінің командалары сынға түсті. Есепті егемендіктер ашқанмен, қорытынды нәтиже парламентшілердің жеңісімен аяқталды.

Бұдан кейін алаңға шыққан Президент Әкімшілігі мен «Хабар» агенттігі ойыншылары арасындағы тартысты кездесуде Президент Әкімшілігінің командасы жеңіске жетті. Ал келесі кезекте Парламент командасы мен Үкімет Кеңсесінің ойыны заң шығару органының сәл басымдылығымен аяқталды.

Жарыс қорытындысында жеңімпаз командаларға Кубок пен дипломдар табыс етіледі. Жанкүйерлердің ықыласына бөленген ойыншылар да марапаттарға ие болмақ.