Медициналық сақтандыру енді бұрынғыдай болмайды: Халық үшін не өзгереді?

Бұл халық үшін нені білдіреді? Caravan.kz медиа порталы саралап көрді. 

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ауқымды өзгерістер басталды. Бұл мәселе Үкімет отырысында кеңінен талқыланды. 2026 жылдан бастап жергілікті бюджеттер есебінен аз қамтылған азаматтар қосымша түрде медициналық сақтандыру жүйесіне қамтылады. Премьер-Министр атап өткендей, бұл реформаларды тиімді жүзеге асыру үшін барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы қажет.

Қаржыландыру мен дәрігерлер жалақысының өсуі

Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, соңғы жеті жылда МӘМС жүйесі өз тиімділігін көрсетті. Бір тұрғынға шаққандағы медициналық шығын 98 мың теңгеден 258 мың теңгеге дейін артқан. Ал дәрігерлердің орташа айлық еңбекақысы 159 мың теңгеден 442 мың теңгеге дейін өсіпті.

«Қаржыландыру көлемінің ұлғаюы медициналық көмектің қолжетімділігіне тікелей әсер етті. Бастапқы және консультативтік-диагностикалық деңгейлерде көрсетілетін қызмет саны 2,7 есеге көбейді», - дейді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

МӘМС реформасының жаңа кезеңі

Енді медициналық сақтандыру жүйесі еліміздің денсаулық сақтау саласының негізгі тірегіне айналмақ. Үкімет жоспарына сәйкес, 2027 жылға қарай денсаулық сақтау саласындағы шығындардың шамамен 66 пайызы МӘМС қоры есебінен қамтамасыз етіледі.

2026 жылдан бастап жергілікті бюджеттер арқылы аз қамтылған азаматтарға да медициналық көмек көрсетіледі.

«Біздің басты мақсатымыз денсаулық сақтау жүйесін ашық, әділ және ең бастысы, барлық азаматтар үшін қолжетімді ету», - деп атап өтті Премьер-Министр Олжас Бектенов.

Ол Денсаулық сақтау министрлігі мен басқа да ведомстволарға 2025 жылы медициналық көмекке жоспарланған 3 триллион теңгенің тиімді жұмсалуын қатаң бақылауды тапсырды. Сондай-ақ қызмет сапасын арттыру үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін енгізу міндеттелді. Министрлік медициналық көмек стандарттарын қайта қарап, көрсетілетін қызметтерді қарапайым әрі пациентке ыңғайлы етуі тиіс.

Медициналық сақтандыру қоры трансформацияланады

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айдын Күлсейітовтің айтуынша, қорда бизнес-процестер толық қайта құрылуда. Негізгі басымдық автоматтандыру мен бақылауды күшейтуге қойылмақ. 

Медициналық қызметтерді сатып алу кезінде қабылданатын шешімдерге тұтас мониторинг енгізілмек. Бұл субъективтілікті жою және ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған қадам.

«Біз қызметкерлердің жеке-дара шешім қабылдау мүмкіндігін болдырмауға және шешімдер үшін нақты жауапкершілікті бекітуге ұмтыламыз. “Ұжымдық жауапсыздық” қағидатын азайтып, әр шешімге жеке есеп беру жүйесін енгіземіз»,- деді Айдын Күлсейітов. 

Қаржы мен экономиканы цифрландыру - көлеңкелі айналымға қарсы құрал

Үкімет отырысында цифрландыру мәселесі де кеңінен талқыланды. Қаржы министрі Мәди Тәкиев Smart Data Finance жүйесі іске қосылғанын хабарлады. Бұл жүйе жасанды интеллект арқылы салықтық схемаларды анықтап, салық төлеушілердің цифрлық профильдерін қалыптастырады.

Сонымен қатар цифрлық теңгені кеңінен пайдалану жоспарланып отыр, оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласы да қамтылған. Цифрландыру кеден саласына да енгізіліп, декларацияланбаған тауарларды анықтауға және адам факторын азайтуға мүмкіндік беріп отыр.

Бұған қоса, электронды шот-фактуралар рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіру енгізіліп, 33 млрд теңгеден астам жалған құжаттың алдын алды.

ЕТАМГАП жобасы арқылы автоматтандырылған бақылау жүйесі қосылған, ол қосымша құн салығының теңгерімін тексеріп, «сұр» схемаларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде 250 млн операция мен 500 млн төлем өңделді. Бұл жүйенің арқасында бюджетке жыл сайын шамамен 100 млрд теңге қосымша түсім түспек.

«Ұлттық банкпен бірлесіп, біз цифрлық ҚҚС жобасын іске асырып жатырмыз. Цифрлық теңге арқылы жүргізілетін есеп айырысу көлеңкелі айналымды шектейді және жеткізу тізбегінің барынша ашық болуын қамтамасыз етеді», - деді министр Мәди Тәкиев.

Үкімет өкілдерінің пікірінше, МӘМС реформасы, цифрлық технологиялардың енгізілуі мен қатаң бақылау жүйесі Қазақстан үшін жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Яғни, әрбір азамат үшін сапалы, қолжетімді және ашық медицинаның дәуірі туады деп сенеміз.