Бүгін Мәжіліс депутаттары ақшаны сүлікше сорып жатқан жүйені өз көздерімен көру үшін Астанадағы емханалардың біріне арнайы барды. Жеті жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бағдарлама шынында да медициналық мекемелердің көсегесін көгертпеген. Негізі элетронды картада науқасқа қатысты бүкіл ақпарат топтастырылып, дәрігерге кез-келген уақытта қол жетімді болу үшін орнатылған. Мұнда азаматтар туралы жеке ақпарат, оның қай күні қандай дертке шалдыққаны және қандай ем-дом қабылдағанына дейін жіпке тізгендей жазулы тұруы тиіс. Алайда шетелден миллиардтарға сатып алған заманауи бағдарламаны біздің мамандар игере алмай, керісінше қағазбастылықты көбейтіп жіберген.
Дариға Назарбаева, Мәжіліс депутаты:
- Жаңа өздеріңіз көргендей, кіретін кезде істемей қалды, интернет жоқ деді, компьютерлер ескіріп кетті деді. Программалары жөнді істемей тұр. Бір-бірімен олар қосылмаған. Оларды қосу үшін тағы бір бөлім отыр. Қолмен жазып, қайта компьютерге енгізеді. Бұл не деген жұмыс, оның бәріне қаражат кетіп жатыр.