Медициналық мекемелерге бөлінетін қаржы көлемі артты

Бұл туралы finprom.kz сараптамалық порталы мәлімдеді.

Сарапшылардың мәліметінше, отандық медицина саласының нарықтағы деңгейі жайлап артып келеді. Оған мемлекеттік қолдау мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында атқарылып жатқан жұмыстар ықпал етуде. Нақтырақ айтсақ, 2016 жылы ірі медициналық мекемелердің бюджеттік шығыны 610 млрд теңге болды. Ал жеке және шағын медициналық орталықтар 83,5 млрд теңгеге дәрігерлік көмек көрсеткен. Бұл соңғы бес жылдағы жоғары көрсеткіш. Ал үкімет тарапынан медициналық мекемелерге бөлінетін қаржы көлемі биыл 30 пайызға артып, 771 млрд теңгеге жетті. Қаржының басым бөлігі тұрғындар денсаулығына аса қажетті дәрі-дәрмектер сатып алуға жұмсалмақ. Сарапшылардың пікірінше, логистикалық жүйені ретке келтірсек, дәрі-дәрмек өндіруші мен оны таратушылар арасында тікелей байланыс орнатып, алып-сатарларға жол берілмес еді. Сонда қажетті дәрілер қолжетімді болар еді, әрі қымбаттауына жол берілмейді.

- Негізгі мәселе мұнда Үкіметтің басқаруына байланысты. Ең бастысы бұл салаға білікті мамандарды дұрыс таңдау білу керек. Медицина саласына жыл сайын бөлінетін қаржының көлемі артып келеді, сондықтан оны реттеуге болады деп ойлаймын, дейді фарминдустрия саласының маманы Қайрат Әубәкіров.