Мейрамбек Бесбаев халықты алдаған өнердегі әріптестерін әшкереледі

Бұл туралы Сaravan.kz медиа-порталы хабарлайды Shownews.kz -ке сілтеме жасап.

Әнші әлдекімнің атын жамылып, шығармашылық кешін ұйымдастыруға құмартқан жандарды қатаң сынға алды.

«Сексен әртісті жинап алып, менің кешім деп беретіндер бар. Ол дұрыс емес. Ол біреудің атын пайдаланып, елді жинап алып, атым шықса екен деп ойлайды. Бірақ ол концерт бәрібір елдің есінде қалмайды», – дейді Мейрамбек Бесбаев.

Өнердегі мәселе мұнымен шектелмейді. Күні кеше қазақ эстрадасындағы кіл қаймақтардың басын қосып, жеке кешін берген Талант  Арғынғалиды қазіргі әндердің мәтіні мазалап жүр. Ақынның қазақ сахнасында шырқалатын туындылардың қатаң сұрыптаудан өткізілсе деген тілегі бар.

«Абай атамыз «бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, бұл ақынның білімсіз бейшарасы» дейді. Сондықтан шама келгенше бейәдеп сөздерге жоламауға тырысу керек. Себебі ол әнді тек қана өз ортасы тыңдамайды, жас буын да тыңдайды. Қазіргі мектеп жасындағы балалар құймақұлақ. Сондықтан сақ болу керек», – дейді Талант Арғынғали.

Тіпті сөзді тәрбие құралы деп санайтын Талант Арғынғали үшін қаламақыдан гөрі, жазған еңбегінің халыққа тиер пайдасы маңызды. Сол себепті ақын туындысы орындаушысын тапса, тегін беруге де әзір. Мәселен ол Музарттықтардан осы күнге дейін бір тиын сұрамаған.

«Ринат Зайытов та, Балғынбек Имашев та, Талант Арғынғали да бізден ешқашан ақша сұраған емес.  Қай-қай композитор болсын ақша бұлдамаған. Музарт деген атты Алла Тағала бергеннен кейін шығар, бізде ондай дүниелер болған емес, тек достық шешеді», – дейді Сәкен Майғазиев.

«Талант екеуміз шын доспыз, әніміз де жарасады. Сырларымызды, жырларымызды айтатын сондай жандармыз. Сондықтан Таланттың әндеріне біз ешқашан ақша беріп көрген емеспіз, сұраса да бермейміз», – дейді Мұрат Қожа.

Айтпақшы, ақынның отандық әншілер арасында беделінің биік екені байқалады. Өнер иелерінің де құрметі ерекше. Тіпті Талант Арғынғалидың кешінде 5 жылдан астам уақыт халық назарынан тыс қалған Каспий тобы да  бой көрсетіп,  қайта ән шырқауға келіскен.

«Каспий» тобы қайтадан құрылуы әбден мүмкін. Негізі бұл Таланттың ойы. Міндетті түрде «Каспий» сахнаға шықсыншы деген өтініші болатын. Сондықтан Дидарды, Ерсұлтанды Ақтаудан алдырып, Айбар осында және мен төртеуміз қосылып шықтық. Болашақта әлі де, жоспарлар бар. Ақтауда тойға барып үлгердік. Енді 8 наурызда Каспий құрамы болып, концертте ән айтамыз. Ол кезде Ұлықпан ағамыз да қосылады», – дейді Мұрат Қожа.

Иә, топтың белді мүшесі Ұлықпан Жолдасов отбасылық жағдайларына байланысты кеште төбе көрсетпесе де, Каспийліктер алдағы уақытта қазақ эстрадасына қайта қосылып, жаңа әндермен қалың жұртшылықты қуантуды көздеп отыр.