Мекемеаралық комиссия Қазақстан мен Өзбекстанның ортасындағы шекаралық аймақта жатқан жерлерді иеліктен шығару мәселесін қарауда

Отырыста атап көрсетілгеніндей, шекаралық алқаптың қазіргі айқындалған ені 50 метрді құрайды. Алайда, мұндай жағдайда Қазақстан жағынан 2065 тұрғыны бар 382 үй мен 28 коммерциялық құрылым көшірілуі тиіс.

Сонымен бірге шекаралық алқаптың жалпақтығы 50 метр болған жағдайда алдын-ала есеп бойынша, барлығы 1011 гектар жер, соның ішінде шаруа қожалықтарына қарасты 973 гектар, жеке тұлғаларға қарасты 4 гектар, агрокешендерге қарасты 34 гектар жер ауылшаруашылық айналымнан шығарылады. Осыған байланысты халық тығыз қоныстанған аудандарда шекаралық алқаптың жалпақтығын 30 метрге дейін кеміту мәселесі қаралып жатыр.
Мекемеаралық комиссияның төрағасы, үкімет басшысының орынбасары Сауат Мыңбаев әділет министрлігінің қызметкерлеріне бұл мәселе халықаралық нормаларға қайшы келетіндігі жайында 10 күнде қорытынды шығарып беруді тапсырды.
Сондай-ақ, комиссия мүшелері үйлері шекара сызығында орналасқан Қазақстан азаматтарын басқа жаққа көшіру жағдайлары туралы шешім шығаруы тиіс. Оларға қандай өтемақы төленуі тиіс екені, сондай-ақ, ауылшаруашылық жерден айрылуға байланысты шығынның орнын қалай өтеу керектігі нақтылануы қажет. Бұған қоса шекара сызығы демаркациялануға байланысты электр және газ тарату, су құбыры желілері қиылғалы отыр. Шекаралық аумақтарды көбінесе Өзбекстан жағы электр көздерімен қамтамасыз етіп келген. Ендігі жерде жаңа коммуникациялар тарту қажет пе, әлде оларды сатып алу дұрыс па деген мәселенің басы ашылуы тиіс.