Мексикада дүкен жарылып, 22 адам мерт болды

Тағы 12 адам түрлі дәрежедегі күйік жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.

Жарылыстан кейін өрт тұтанған. Өрт сөндірушілердің айтуынша, тілсіз жау дүкеннің кіреберісінде басталып, көптеген сатып алушылар іште қалып қойған. Құтқарушылар өрттің көрші ғимараттарға таралуына жол бермеген.

Сонора штатының билігі оқиғаның себептерін анықтау үшін тергеу бастады. Негізгі нұсқалардың қатарында — техникалық ақау мен жеңіл тұтанатын материалдардың болуы қарастырылып жатыр.

Аймақ губернаторы Альфонсо Дурасо қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды. Ал Эрмосильо қаласының әкімдігі барлық мәдени шараларды уақытша тоқтатты.