«Мексикадағы Қазақстанның елшілігі аталған елдің астанасы мен сол аумаққа жататын өңірлерде 7 балдық жер сілкінісі тіркелгенін хабарлайды. Осының салдарынан ғимараттар қирап, жүзден аса адам көз жұмған. Қаза тапқандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Зардап шеккендердің арасында қазақстандықтардың бары туралы ақпарат келіп түскен жоқ», - делінген хабарламада.
ҚР СІМ хабарлауынша, елшіліктегі консулдық есепте тұрған адамдармен байланыс орнатылған. Оларға сабыр сақтап, өз жағдайлары туралы жақындарына хабар беруге, жергілікті биліктің нұсқауына құлақ асуға кеңес берілген.
Еске сала кетсек, сейсенбі күні Мексикада магнитудасы 7,1 балдық жер сілкінісі тіркелді. Зілзала салдарынан 119 адамның мерт болғаны анықталып отыр. Мексиканың Ұлттық сейсмикалық қызметінің ақпаратына сай, жер асты дүмпуінің эпицентрі Ахочьяпан (Морелос штаты) тұрғылықты мекенінен оңтүстік-шығысқа қарай 12 шақырым қашықтықта тіркелген. Ахочьяпан қаласы Мексикада астанасынан 111 шақырым жерде жатыр. Зілзала ошағы 57 шақырым тереңдікте болған.