Мексикалық жігіт қазақ қызына үйлену үшін Ислам дінін қабылдады

Тойға тіпті құдаларымен танысу үшін Америкадан Хесустың ата-анасы да келген. Хесус деген есімін мұсылманшалап Иса деп өзгерткен ол той спирттік ішімдіксіз өткенін қалапты. Осыдан он жыл бұрын бейсбол матчында танысқан екеу осы уақытқа дейін дос болып жүрген екен. 46 жастағы күйеу бала мен 33 жастағы Жанат енді әке-шеше болуды армандап жүр. Исаның айтуынша, балаларының есімін қазақшалап қоймақшы. Тіпті қазақ тілін де үйреніп жүр екен. Әзірге Құрама Штаттарда тұратын олар болашақта Қазақстанға көшіп келмек ойлары бар. Тегі мексикалық болғанымен, Иса АҚШ азаматы.


Иса Гарай:

-Алғашында Жанат маған келісімін бермей жүрді. Оған махаббатымды дәлелдеу үшін соңынан он жыл жүрдім. Қазір ол жанымда. Әзірге Америкада ата-анамызбен бірге тұрамыз. Жанат екеуіміз алдағы уақытта Астанаға қоныс аударып, онда мексикалық стильде мейрамхана ашамыз деп жоспарлап отырмыз.