Мектеп оқулығында Рақымжан Қошқарбаевты Гришамен сүйістіріп қойған

Рейхстагқа ту тіккен батыр, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевты 3- сыныпқа арналған «Әдебиеттік оқу» кітабында сүйістіріп қойыпты, деп хабарлайды ALASHINFORM.KZ.

3-ші сынып оқулығындағы сөз тіркесіне ашуланған ата-аналар білім министрлігіне хат жазбақшы. Баласына сабақ үйретіп отырған ата-ана «Әдебиеттік оқу» кітабынан сорақы сөйлем тауып алған. Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Халық қаһарманын мазақ еткен мектеп оқулығы көпшіліктің ызасын келтірді.

«Атамұра» баспасынан шыққан 3-ші сыныпқа арналған оқулықта Рақымжан Қошқарбаевтың жеңіске жеткендегі қуанышы суреттелген сөйлемді ата-аналар түсінбей қалды.

«Рақымжан Григорийге, Гриша Рақымжанға қарады. Екеуі үнсіз құшақтасып, сүйісті»,- деп жазылған кітапта. Сөйлемді дұрыс түсінбей қалған балалар батырдың қылығын күлкіге айналдырған.


Халқы үшін қасықтай қанын, елі үшін шыбындай жанын берген батырлар қаншама. Солардың бірі, əрі бірегейі – Ұлы Отан соғысы кезінде Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тіккен Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, аты аңызға айналған халық батыры Рақымжан Қошқарбаев.Ұлы Отан соғысы кезінде ерлік көрсетіп, жеңіс жалауын Рейхстагқа алғаш тіккендердің бірі болды. Бірақ Кеңес Одағы кезінде ерлігі лайықты бағасын ала алмады.

«Әдебиеттік оқу» кітабы батыр бабамызды мазақ қылып тұрғандай. Сонда біз ұрпаққа қандай тәрбие беріп жатырмыз? Оқулықта батырдың қуанышын басқаша беруге де болатын еді. Қазақтың тілі бай емес пе?

Білім министрлігі қайда қараған?