Мектеп оқушылары судан бұзылмайтын асфальт түрін ойлап тапты

Шымкенттің зияткерлік мектебінде 11-ші сыныпта оқитын балалар асфальттың арзан әрі төзімді түрін Семейде өткен ғылыми жобалар сайысында ұсынған. Жолға төселетін бұл жабын жаңбыр мен еріген қар суын сіңіріп алады екен. Ал астына орнатылатын түтіктер арқылы ылғал сыртқа ағып кетеді. Авторлардың бұл жобаға кірісуіне жол жөндеуге кететін толағай шығын түрткі болыпты. Жас ғалымдардың зерттеуінше, тек соңғы үш жылда өткелдерді қалыпқа келтіруге 28 млрд теңге жұмсалған. Алайда, одан жолдардың жыртығы азаяр емес. Егер жоспар жүзеге асса, төселген асфальт 30 жылға дейін мызғымай тұрады дейді,-жас өнертапқыштар.


Ғазиза Елтай, Шымкент қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

-Мұның экономикалық та, экологиялық та пайдасы болады. Ұсынып отырған технологиямыз асфальтті қолдана отырып, су құбырларын жүргізу. Ол құбырлар арқылы жаңбыр суын арнайы су қоймаларына жинау.