Мектеп оқушылары тікелей эфирде өздерін атып өлтірді

Он бес жастағы бозбала мен бойжеткен Псков облысының Струги Красные ауылында полицияға қарсы оқ атты. Одан соң бозбала әуелі қызды, одан соң өзін атып өлтірді. Бұл туралы centralasian.org хабарлады.

Денис М. және Екатерина В. ауылдағы үйдің есігін іштен құлыптап алып, қару сақталған сейфті бұзған. Полицияны бойжеткеннің анасы шақыртқан. Шақыртумен келген полицияға оқушылар оқ атқан. Бұл әрекеттерін олар видеоға түсіріп, "Перископ" желісі арқылы тікелей эфирге таратқан.

Видеода бойжеткен көрермендерге Дениспен қашып кеткенін, ата-анасымен келісе алмағандарын баяндап береді. "Орыстар берілмейді" деген сөзді ол бірнеше мәрте қайталаған. Полиция үйді қоршап, жастардың қаруын тартып алуға оқталды. Бірақ ол әрекетінен түк шықпады. Баспасөз мәліметі бойынша, Денис дос қызын, одан соң өзін атып өлтірген.


Жасөспірімдер тоғызыншы сыныпта оқитын. Қайғылы оқиғадан үш күн бұрын олар ата-аналарынан қашып кеткен.