Сөйлеу мәдениеті мен сауатты жазу машығын қалыптастырып, бірде қиял әлеміне жетелесе, бірде сыни ойлауға бейімдейтін кітап атты қиын да қызықты «әлем» технология үстемдік құрған заманда да адамзаттың негізгі қажеттілігінің бірі болып тұр.
Осы ретте қазіргі мектеп оқушылары кітап оқи ма, ұстаздар қауымы жас жеткіншектерді кітап оқуға қалай ынталандыра алады, жас оқырмандар арасында кітап оқу мәдениеті қалыптасқан ба және тағы да басқа сұрақтардың жауабын Сaravan.kz медиа порталының тілшісі іздеп көрген еді.
Халық арасында «Қазіргі жастар кітап оқымайды» деген пікірдің қалыптасқаны рас. Алайда, өзі жас болса да талай бәйгеде жүлделі орындарды иеленіп жүрген жас ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алмагүл Қайратқызы бұл пікірмен келіспейтінін айтады.
«Меніңше, елдегі жас буынның барлығы кітап оқымайды деп бір жақты баға беру дұрыс емес. Әр адам кез келген мәселеге өзі көріп жүрген жағдайлардың сипаты бойынша баға береді. Әр заманның, тарихи кезеңнің ескерер өз ерекшелігі болады. Сол жағдаяттар мен факторлар адамдарға да әсер етеді. Қазіргі оқушыларды үшінші мыңжылдықтың адамдары деп атайды. Гаджеттер заманында дүниеге келген бұл ұрпаққа білім беру, ықпал ету барысында ескерер бірқатар ерекшеліктер бар. Олар: заманауи технологиялық әдіс-тәсілдер мен визуалды ақпараттарды қолдану, ақпарат ағынынан маңыздысын сұрыптап ұсына білу және т.б. Аталған әдістерді оқушыларды кітап оқуға ынталандыру бағыты бойынша да қолдануға болады. Қазір мектеп оқушыларын кітап оқуға ынталандыру бойынша мемлекеттік деңгейде арнайы бағдарламалар жұмыс істеп жатыр. Солардың бірі – «Оқуға құштар мектеп» жобасы. Жақында өзім ұстаздық ететін мектепте осы бағдарлама аясында Readx жобасы өтті. Readx жобасының негізігі мақсаты – мектеп оқушыларының кітап оқуға деген құштарлығын арттыру, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жасөспірімдер арасында кітаптың құндылығы дәріптеу. Жоба барысында ұстаздар мен мектеп оқушылары еркін форматта кітап оқудың пайдасы мен маңызы туралы әңгіме-дүкен құрды. Оқушыларға кітап туралы ақпараттарды визуалды форматта ұсыну мақсатында кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Шара соңында біз, яғни мұғалімдер оқушыларға «Мен оқыған бір кітап» тақырыбында кітаптар тізімін ұсындық. Одан бөлек, мектептегі гуманитарлық пәндер апталығында да оқушыларға кітап оқуға байланысты түрлі тапсырмалар беріліп, ойындар ұйымдастырылады», - дейді Алмагүл Жұмағалиева.
Жас маманның айтуы бойынша, мұндай іс-шаралар оқушыларға оң ықпал етіп ғана қоймай, ұстаз бен шәкірттің арасын жақындастыра түсетін мықты құрал да бола алады.
«Осындай іс-шаралардан кейін оқушылар өзің ұсынған кітапты оқығанын айтқанда ерекше шабыт аласың. Шәкіртіңмен бірге кітаптың мазмұнын, идеясын талқылау, нақты бір тақырып аясында тең ой бөлісу, пікір алмасу арқылы өз жұмысыңның нәтижесін көресің. Нәтижесінде оқушы мен мұғалімнің арасында нәзік те мықты байланыс орнайды. Қазір біздің алдымызда шәкірт болып отырған балалар елдің ертеңгі болашағы. Ал, қазақ елінің болашағы білімді, кітап оқитын азаматтардың қолында болсын дейтін кез келген ұстаз өз шәкірттерін кітап атты әлеммен таныстырып, достастыра білуі керек деп ойлаймын», - дейді ол.
Ал, ұстаздық салада 33 жылдық еңбек өтілі бар педогог, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Лариса Бакова балаға кітап ұсынарда оның қызығушылығын ескеру керек дейді.
«Кітап – баланың ой-өрісін дамытып, қиялын ұштайтын баламасы жоқ мықты құрал. Көп ақпарат қолжетімді, технология дамыған, кез келген сала креативті талап ететін заманда өмір сүріп отырмыз. Баланың кітапқа деген махаббатын ашу үшін балаша ойлап, оның қызығушылығын, тұлғалық ерекшелігін білу керек. Бір сыныпта жиырма бала болатын болса, сіз соның бәріне бірдей көркем әдебиет оқыта алмайсыз. Заман талабына сай бірі психологияға қызықса, екіншісіне мотивация тақырыбындағы кітаптар маңызды болуы мүмкін. Сондықтар алдыңда отырған әр баланың қалауы мен қажеттілігін ескеру және оған құрметпен қарау аса маңызды. "Оқуға құштар мектеп" жобасы аясында өзім 33 жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан Ақтөбек облысы, Мартөк ауданы, Родниковка ауылындағы мектепте оқушылардың кітапқа деген құштарлығын, махаббатын арттыру мақсатында кітапханашылармен бірлесіп кітап көрмелерін, сынып сағаттарын, мектеп кітапханасына келіп түскен жаңа кітаптарды таныстыру сабақтарын, әдеби кештерді ұйымдастырып отырамыз. Жалпы ұстаз балаға білім ғана емес, дағды үйретуші, әдет қалыптастырушы. Мұғалім үйреткен ілім-білім баланың бойына сіңіп, өмірлік әдетке айналу үшін аталған процесстен ата-ана да қалыс қалмауы керек», - дейді Лариса Сәркеқызы.
Тәжірибелі ұстаздың айтуы бойынша, баланың кітапқа деген қызығушылығын ашуда ата-ананың да рөлі маңызды.
"Бала айтқанды емес, көргенді істейді. Сондықтан, кітап оқу мәдениеті отбасында да қалыптасқаны дұрыс. Ата-ана кітаптың құндылығын, маңызын балаға жеткізе білу керек. Әр отбасында кітап оқуға арнайы уақыт бөлініп, барлығы оқыған кітаптарын өзара талқылайтын отбасылық дәстүр қалыптасу керек. Сонда ғана ата-ана мен ұстаздар қауымының екіжақты жасаған жұмысы нәтижелі болады деп ойлаймын. Сөз соңында, барша ата-аналарды кітап оқуға, баланы кітап атты танымы мол тылсым әлеммен таныстыруға шақырамын", - дейді ұстаз.