“Мектеп жасындағы қыз балаға хиджаб түгілі орамал тартуға болмайды” - Сәуле Әбілдаханқызы

Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

"Ұлтқа, мемлекетке қауіп қай жақтан?

Жан-жақтан... барлық жақтан қауіп төніп тұрған кезеңдеміз... Билік пен байлыққа таласқан ең жоғары салаларды (саясат, экономика, білім, ғылым, дін, ақпарат, спорт т.б.) былай қойып, мектеп оқушыларын да үлкендер жағы қырық жапыраққа бөліп жатыр. Қазақты қырыққа бөліп қырылыстырып, тіпті, бір отбасындағы төрт адамды төртке бөліп, жан-жаққа тартқылап, қазақтың жанын, ұлттық рухын қидалап жатыр...

Басқасын былай қойып, хиджаб деген мәселе бұл қоғамның бітіспес дауына айналғалы қашан! Арабтың хиджабын қазаққа таңғысы келетін жат ағымдағылар өз көзқарас-пікірлерін қазақ қоғамына күштеп таңуға кіріскендеріне көп жылдар болды. Олар барлық салаға тамыр жайып, бір ұлтты қырыққа бөліп, бауырларды бір-бірімен жау қылып болған.

Онысы аздай, мектеп оқушыларына ауыз салып, «қыздарымыз мектепке хиджаб киіп барады, сендер осыған рұқсат бересіңдер!..» деп талап қойып, балаларын да, мұғалімдерді де ылғи әуре-сарсаңға түсіріп жүреді.

Ол сақалиттердің сөзін сөйлейтін активист сақалиттер де күннен-күнге көбейіп отыр. Олар иегіндегі төрт тал текесақалдарын өзгелерден де талап етуге көшкен. Алланы өздерінің сақалы мен балағына, әйелдердің шашы мен орамалына байлап қойғандай көлгірсиді...

«Демократия.., әркімнің өз құқығы.., бала өзімдікі – өзім білем...» т.б. неше түрлі сылтауларын алға тартып, әркім білгенін істейтін, қалағанын талап еткіш елге айналдық. Айналайындар-ау, әрнәрсенің шегі болмай ма? «Шегінен шықса – б@ғы шығады» демеді ме Абай?

Діндарсың ба, атеистсің бе, тәңіршілсің бе, христиансың ба, иудаистсің бе, кришнаитсің бе, сақалитсің бе, сопысың ба – жеке шаруаң. Қоғамда өмір сүріп отырған соң, қазақ болған соң, Қазақстан деген мемлекеттің азаматы болған соң – ең алдымен осы қоғамды, осы ұлтты, осы мемлекетті құрметтеуге міндеттісің. Өз үйіңде не істесең, оны істе. Қоғамда, қоғамдық орындарда ортақ тәртіп пен ережеге бағынуға міндеттісің. Ортақ заңды құрметтеуге міндеттісің.

Қазақстанда мектеп оқушылары бірыңғай, бәріне ортақ мектеп формасын киеді. Мектеп формасына әртүрлі діни атрибуттарды жапсыруға тыйым салынған.

Қыздарын тұмшалаған ата-аналар: «Орамал сабақ оқуға кедергі келтірмейді ғой» деген аргумент айтады. Терең ойлауға санасы жетпей тұр ғой... Күлесің бе, жылайсың ба?

Айналайындар-ау, орамал мен хиджаб екеуі екі бөлек дүние. Қазақ қыздарын қалай киіндіргені туралы ұзынсонар лекция оқымай-ақ қояйық. Ол тақырып аз айтылып жүрген жоқ. Мектеп жасындағы қыз балаға хиджаб түгілі мектепке орамал тартуға болмайды! Себебі, Қазақстан діни мемлекет емес! Әлде діни халифат құруды армандайсыңдар ма? Әрине, солай. Ол пиғылдарыңды біз танып-білгелі 20 жылдан асты!..

«Орамал сабақ оқуға кедергі келтірмейді» дегендеріңмен, оның бала психологиясына да, өз ортасында еркін ойлы азамат болып қалыптасуына да кедергілері орасан зор болатынын мұғалімдер де, психологтар да дәлелдеп қойған. Бұлай жалғаса берсе, алдағы 20-30-50 жылда қоғам қандай бағытқа бет алмақ? Мемлекетімізді қандай тығырыққа тіремексіңдер?

Тым болмаса, бүгінде Ирандағы әйелдер көтерілісінің түбіне зер салып ойлансаңдаршы! «Не нәрсе де шектен шықса – боғы шығады» деген сол… Бүгінде жат діндегілердің қыз балаға, әйелдерге деген көзқарастары, қарым-қатынастары қоғамда айқын көрініс беріп жүр. «Нәскиімді шеш, аяғымды жу» деп әйелдерін сабайтын, «неге хиджабыңды шештің» деп қыздарын сабайтын, «талақ» деп қырық қатынды тастап жүре беретіндер кімдер? Сол зомбилар! Қаңтарда билікті төңкеріспен алу мақсатында бейбіт халықты қырғынға айдап салған кімдер? Сол зомбилар! Қыздардың, әйелдердің құқығын қорғаған болып, басыбайлы күң қылатын күнге жеткізбек.

Олардың Қайрат, Бекболат, Мұхамеджан деген көсемдерінен бөлек, Талғат Рысқұлбеков, Олжас Біләлов, Жаслан Айтмагамбетов т.б. «активистері» жанталасып сол зомбиларын қорғап, елді дүрліктіріп жүргеніне біраз болды. Өзбекстан, Қырғызстанды мысалға келтіреді. Сол елдердің билігі бір-ақ күнде сақалиттерін түрмеге қамап, сақалын қырып, балақтарын ұзартып, тәубәсіне келтіргенін бұл «активистер» білмейді екен... Бүгін бұлар бүлдіршін қыздарымызды хиджабқа ораса, ертең күңнен бетер қорлап, табанының астына салып жоқ қылуды армандайды...


Тым болмаса, мына сурет сендерге ой салмай ма?? Бұл «Әйелдің жоғалуы» деген сурет. Авторы – Йемен елінің суретшісі Бушра Альмутавакель. Осы суреттің мән-мағынасына, астарына ой жүгіртіп көрдіңдер ме?

«Демократия.., өз құқығым... пәлен-пәштуән...» деп, ертең мектеп оқушылары өз білгенін істесін – кришнаиттің киімін кисін, иудаистің киімін кисін, мектепке балаларымыздың бірі крест тағып, бірі сақал қойып келсін, «өз құқығым» деп, бірі жалаңаш келсін, бірі гей боп келсін, бірі қызғылт, бірі трансвистит боп келсін... сендерге керегі сол ма??? Тәртіп болмаған жерде береке-бірлік бола ма? Тәртіп болмаған жерде тірлік бола ма?

Шығады ертең сондайлардың түр-түрі, «орамалға, хиджабқа рұқсат бердіңдер, бізге неге рұқсат бермейсіңдер?» деп.

«Мектепке кіргізбесе, баламызды үйде онлайн оқытуға рұқсат беріңдер» деп міндет қылуға, манипуляцияға көшіпсіңдер. Сонда кластағы 30 бала бір төбе де, сенің балаң бір төбе ме? Бірен-саран сендер үшін мұғалім онлайн-оффлайн деп екіге бөліну керек пе, әлде сендер үшін әр пәннен мектепке тағы бір-бір штат ашып, онлайн оқытатын мұғалім алу керек пе?

Біздің әр постымызды аңдып отыратын билік неғып ылғи қоғамды дүрліктіріп жүретін соларды көрмей қалады? Соларға келгенде неғып бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалады? Бізді қит етсе, «қылмыскер» етіп шығаруға дайын тұратын билік олардан неғып заңға бағынуын талап етпейді? Олар халықаралық заңдар мен әртүрлі конфенсияларды талап етпес бұрын, неғып өз мемлекетіміздің заңын құрметтемейді?

Кәмелетке толмаған мектеп оқушыларына өз діни көзқарастарын зорлап таңуға ешкімнің, тіпті, ата-анасының да құқығы жоқ. Оқу-ағарту министрлігі бұл мәселені түбегейлі шешетін уақыт жетті. Оқушы қыздардың хиджаб киюіне түбегейлі тыйым салып, қатаң бақылауға алуы тиіс. «Хиджабқа рұқсат бермесе, қызымды мектепке жібермеймін, оқытпаймын» деп манипуляциялайтын надан зомбиларға жалтақтамай, тиісті заңдардың орындалуын қатаң түрде талап ету керек. Заңға бағынғысы келмегендер заң алдында жауап беруі тиіс.

Мектептен тыс жерде, үйіңде балаңа не кигізсең – өз еркің. Ал мектепте – барлық бала бірдей, мектеп формасын киюге міндетті. Болды. Гәп тәмәм!

Аллаң да, иманың да – ЖҮРЕГІҢДЕ болсын!..", - деп жазды Сәуле Әбілдаханқызы.