Мектепке баланың киім-кешегі мен оқу құралын сатып алуға 43 мың теңгеден бөлінеді. Қаржылай көмек аз қамтылған, атаулы әлеуметтік көмек алатын, асыраушысынан айрылған жеткіншектер мен жетімдерге арналады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл туралы КТК арнасының жаңалықтар қызметі мәлімдеді.
Биыл тасқыннан зардап шеккен оқушылар да назардан тыс қалмапты. Қазір мектептерде ата-аналардан құжат қабылдап жатыр.
Өтініші мен сұралған деректер толық болса, ақшасын бірден әке-шешесінің есеп-шотына аударады. Бар өңірде осындай әр оқушыға 43 мың теңгеден көмек қарастырылған.
Тек Алматы қаласы әкімдігі ғана 50 мың теңгеден беруді жөн деп шешіпті. Оқу-ағарту министрлігіндегілер осы қаражат сабаққа керек-жарақты алуға жетеді деп отыр.
Онымен қоса ата-ана балаға берілген ақшаны өз қажетіне жарата алмайды. Оқу-құралы мен мектеп формасын сатып алғанын растайтын түбіртекті тапсыруға міндетті екен.
Қазіргі күні 77 мың баланың мектепке қажетіне ақша аударылған.
"Біздің есебіміз бойынша елімізде 510 мыңға жуық бала көмекпен қамтылады. Тиісті қаражат өңірлерге жеткілікті бөлінді. Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді және әрбір мектеп арқылы төленеді", - деді Оқу-ағарту министрлігі, Бала құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.