ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдері оқушылардың мектепке хиджаб киген жағдайда қандай шараларды қолданатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР Білім және ғылым вице-министрі еліміздегі барлық мектепте жарғылар мен ережелердің бекітілгенін айтып өтті. Онда балаларға хиджаб киюге тыйым салынғаны көрсетілген. Сонымен қатар, ҚР БҒМ өкілдері егер де оқушы мектепке хиджаб немесе басқа да діни мазмұндағы киіммен келсе, оған мектеп басшылығының қандай шараларды қолданатынын айтып берді.
"Егер де оқушы мектепке діни мазмұндағы киіммен келсе, оның ата-анасына ескерту жасалады. Маған мынандай сұрақтар жиі қойылатын: "Бала мектеп формасына қатысты ешқандай ережені сақтамай, мектепке келді. Сонда сіз оны мектептен шығарып жібересіз бе?". Әрине, біз баланы мектептен қуып жібермейміз. Біз баланың ата-анасын шақырып, баланың үстіндегі діни мазмұндағы киімін ауыстыруды сұраймыз. Кейін бала әрі қарай сабағына бара береді. Себебі, бұл мектеп", - деді Астанада өткен брифинг барысында БҒМ вице-министрі Эльмира Суханбердиева.
Сонымен қатар, вице-министрдің айтуынша, ата-аналарға мұндай ескертулер бірнеше рет жасалуы мүмкін. "Егер де ескерту екінші немесе бесінші рет жасалатын болса, бала ата-анасы келгенше күтіп отырады. Біз тағы да қайталап айтамыз, оқушы мектепке барарда діни мазмұндағы киімдерін шешуі тиіс. Кейін сабақ аяқталған соң, мектептен шыға салып, ол киімін қайта кие алады. Біз мұнда ешкімге де моральдық нұқсан келтіріп отырған жоқпыз", - деді вице-министр.
Еске салайық, осы мәселеге қатысты Әділет министрлігінің және Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің өкілдері де пікір білдірген болатын. "Діни мазмұндағы дүниелерді, киімдерді, бас киімдерді (хиджаб, бөрікшелер) киюге рұқсат жоқ және болған да емес", - деген еді БҒМ вице-министрі Эльмира Суханбердиева брифинг кезінде.