Мектептерде құндылық бағдарларын қалыптастыруға бағытталған жаңа тәрбие бағдарламасы әзірленді

Қоғам әл-ауқаты, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелері талқыланатын алаңдардың бәрінде тәрбие мен құндылықтар тақырыбы көтеріледі. Әрине, бұл үрдісте басты рөл біз, ата-аналарда, бірақ мектептің де рөлі аз емес.

Өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қ.К. Тоқаев жалпыұлттық құндылықтар тізімін айқындады. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Мемлекеттік кеңесші Е.Т. Қаринның жетекшілігімен, Оқу-ағарту министрлігі, Ы. Алтынсарин атындағы институт және еліміздің әртүрлі мектептерінен келген әріптестермен бірлесе отырып, мектептерде құндылық бағдарларын қалыптастыруға бағытталған жаңа тәрбие жұмысының бағдарламасы әзірленді.

Бағдарламада құндылықтарды оқу үдерісіне және мектеп іс-шараларына интеграциялау көзделген, олар жүйеленіп, балалар мен мектеп ұжымына түсетін жүктемені азайту мақсатында 43-ке дейін қысқартылды (өткен жылы олардың саны 174 болатын).

Іс-шаралар 8 негізгі бағытқа бөлінген. Мәселен, «Қамқор» бағыты экологияға қамқорлық жасау мен жануарларға көмек көрсетуге арналса, «Шабыт» бағытына мектептегі театр мен сахналық қойылымдар кіреді, сол арқылы балалар әділдік пен жауапкершілік деген сияқты құндылықтардың өмірдің кез келген жағдайында маңызды екенін сезініп, түсіне алады. Құқықтық сауаттылыққа, заңдарды білуге және қауіпсіздік сабақтарына ерекше назар аударылды.

Мемлекет басшысы атап өткен жалпыұлттық құндылықтардың бәрі, яғни Тәуелсіздік пен Патриотизм, Бірлік пен Ынтымақ, Әділдік пен Жауапкершілік, Заң мен Тәртіп, Еңбекқорлық пен Кәсібилік, Жасампаздық пен Инновация, балалардың өмірде арқа сүйер бағдарына айналып, оларды еліміздің лайықты азаматтары болуға тәрбиелеуі тиіс.

Бағдарламаны әзірлеу барысында Жапония, Ұлыбритания және Сингапур сынды елдердің халықаралық тәжірибесі зерттелді. Қазіргі таңда бағдарламаны жүзеге асыруда сапаға, кері байланысқа және балалар қуана қатысуы үшін форматты қызықты қылуға, сондай-ақ балалардың ата-анамен байланысын нығайтуға ықпал етуге ерекше назар аударылып отыр.

"Ерлан Тынымбайұлы мен жұмыс тобындағы әріптестерім күз бойы өңірлердегі педагогтармен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, бағдарламаны талқылап, жетілдіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Кеше өткен жиында жүргізілген талдаудың нәтижелері мен жүзеге асыру барысы талқыланды. Бұл тақырып ата-аналардың балаларымен талқылауы үшін де жақсы деп ойлаймын. Біз үшін сіздердің пікірлеріңіз де аса маңызды", - дейді Динара Зәкиева.