"Мен үш тіл білуді қолдаймын, бірақ, біз қазақ тіліне баса назар аударуға тиіспіз деп санаймын",- деді мемлекет басшысы. "Өйткені, уақыт өте келе бүкіл мемлекеттік қызмет, мемлекеттік басқару мен білім беру жүйесі түгелдей біртіндеп қазақ тіліне көшетін болады", - деді ол.
Дегенмен , мемлекет басшысының айтуынша, "орыс тілі мен басқа да шет тілдер де бірдей оқытыла береді". "Бұл біздің әлдекімді әлдеқалай кемсіткіміз келгенін білдірмейді, керісінше, біз барлық тілдер мен мәдениеттерді қолдайтын боламыз", - деді Н.Назарбаев. "Мен бұны еліміздің жастары өз отанымыздың мемлекеттік тілін балабақшадан бастап үйренуге талпынуы үшін айтып отырмын",- деді ол.
"Мәселенің бұлай қойылу себебі, кез-келген мемлекеттің мемлекеттік тілі, мемлекет құрушы ұлттың тілі бар. Бұл ешқашан ешкімге қысым болып саналуға тиіс емес, неге десеңіз - Ресейде мемлекеттік тіл - орыс тілі, Қытайда - қытай тілі", -деді Н.Назарбаев. "Қазақ тілі кеңестік билік кезінде үлкен қиындықтарға душар болды, ал қазір қазақ халқының өз тілін үйренуге және өз дәстүрін дәріптеуге жасап отырған ұмтылысы - табиғи ұмтылыс", - деді ол.
"Біздің балаларымыз үш тіл білуге талпынуға тиіс. Бірақ қазақ тілі - еліміздегі негізгі конституциялық мемлекеттік тілі және бәрі де оны білуге талпынуға тиіс", - деді президент. "Қазақтардың орыс тілін білуі ұлы байлық, оны кері ысырып қоюға болмайды, оны ұмытуға болмайды. Ағылшын тілі де ілгерілеушілік пен технологиялардың тілі болғандықтан біз оны да үйренуге тиіспіз. Ал қазақ тілі барлық қазақстандықтарды біріктіріп, жақындастырып, өзара түсіністік пен сүйіспеншілікке жетелейді", - деді Н.Назарбаев.