Мемлекет атауы Қазақ Республикасы болуы керек еді - Дос Көшім

Саясаткер бұл пікірін Қостанай қаласының жұртшылығымен кездесуде айтқан деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы "Қостанай таңы" газетінің ресми парақшасына сілтеме жасап. 

«Өзім, шынын айтсам, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына келсем, Ресейдің елді мекендерін аралағандай боламын, – дейді Дос Көшім. – Енді осы іссапарымыздың мақсаты – жер-су, елді мекен атауларын өзгертіп кету емес, ономастика саясатының қазіргі жағдайын, проблемаларын талқылау. Көп жерде жаңа атаулар пайда болып жатыр, бұрынғылары өзгеру үстінде. Осыған байланысты халық арасында сұрақ өте көп, біз соған жауап беруге, кейбір мәселелерді түсіндіруге келдік», - дейді саясаткер.

Қоғам қайраткері кездесу барысында елдегі ономастиканың хронологиясына тереңінен тоқталып, бұл үрдіс мемлекет атауын өзгертуден басталғанын айтқан. 


«1991 жылға дейін еліміздің атауы Қазақ КСР-і болғанын бәріңіз білесіздер. Тәуелсіздік алған соң «кеңестік социалистік» тіркемесі алынып тасталды. Бірақ «Қазақ республикасы» емес, «стан» сөзі жалғанды. Негізінде, қисын бойынша да, заң тұрғысында да «Қазақ республикасы» болуы керек-тін. Бұның кімге ұнамағанын білмеймін. Ата-бабаларымыз да Қазақстан болуымызды аңсаған жоқ қой. Сондықтан біздің ономастикаға жасаған алғашқы қадамымыз менің көңілімнен шыққан жоқ. Бірақ заңды мойындауымыз керек», – дейді ол.