Мемлекет барлық меншік тұрпатындағы кәсіпорын қызметкерлерінің құқығын қорғайтын болады -Елбасы

"Баршамыз күш біріктіре отырып, жұмыс берушілерге әлеуметтік қоржын қалыптастыру қажеттігін ұғындыруымыз қажет. Бұл жалдамалы жұмысшылардың жұмысын ұйымдастырудың қазіргі заманғы жалпыұлттық нормасына айналуға тиіс",- деді Н.Назарбаев. "Кәсіподақ ұйымдары өркениетті еңбек нарығын дамытуға қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге басымдық беруге тиіс. Жұмысшы-қызметкерлердің қорғалу деңгейін осыған қарап анықтауға болады",- деді мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Н.Назарбаев еңбек заңнамасын жетілдіре түсу қажеттігін атап өтті. "Кәсіподақ ұйымдарын қатыстыра отырып жаңа еңбек кодексін қабылдату - таяу уақыттардағы ең өзекті мақсат болмақ",- деді президент.
Ол кәсіподақ ұйымдарын индустриялық- инновациялық даму стратегиясы, шағын кәсіпкерлікті және тұрғын үй құрылысын дамыту стратегиясы сынды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға белсене атсалысуға шақырды. "Кәсіподақ ұйымдары әлеуметтік ілгерілеушілік, әлеуметтік-саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтап қалу жолында аса маңызды жауапкершілік жүктейді. Біздің ортақ мақсатымыз - әрбір Қазақстан азаматына тіршілік ахуалын жақсартуға, лайықты жалақы алып, адал еңбек етуге бірдей мүмкіндіктер беруге саяды",- деп атап өткен Н.Назарбаев бұл ретте "кіріс пен жалақы көлемінің өсуі еңбек өнімділігінің арту деңгейіне сәйкес келуіге тиіс" деп атап өтті.