"Біздің халық алдында берген уәдеміз 100 пайызға орындалды. Экономикада, әлеуметтік даму, сонымен қатар қоғамымызды демократияландыруда біз үлкен жетістіктерге жеттік. Алда да осы бағыттан таймайтын боламыз. Біз шын мәніндегі іскер, шынайы халықтық партия екендігімізді дәлелдейміз, - деді президент кеше "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының Астана қаласындағы бөлімшесінің ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде.
Мемлекет басшысы өте қысқа уақытта - 76 күнде ғана салынып біткен ғимаратты аралап шықты. Ғимарат қазіргі заманғы алдыңғы қатарлы технологиялар мен жаңа заманға сай құрылыс материалдарымен салынған.
Рәсімнен кейін Нұрсұлтан Назарбаев партияның қалалық бөлімшесінің белсенділерімен кездесті. Президент елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың арқасында саяси партиялардың рөлінің арта түскенін атап өтті. Алдағы өткізілетін Мәжіліске депутаттар сайлауында жеңіске жеткен партия үкімет құрамын бекітетін болады, әрі еліміздің даму бағдарламасын анықтап, осы саясаттың жүзеге асуына тікелей жауапты болады. Сондықтан "Нұр Отанға" жүктелетін жауапкершілік жоғары, деді ол.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Асқар Маминге, "BI Group" АҚ-ның басқарма төрағасы Айдын Рахымбаевқа, Астана қаласының Экономика және қаржылық жоспарлау департаментінің директоры Татьяна Яковлеваға, "Астана-финанс" АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы Кеңтал Исламовқа және жазушы Алдан Смайылға партия билеттерін табыс етті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті