Мемлекет басшысы Алматыдағы резиденциясында бірқатар жұмыс бабындағы кездесулер өткізді

Елбасы Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Египет Араб Республикасы Жоғары конституциялық сотының төрағасы Махер Әбдел Уахидті қабылдады. Кездесуге Қазақстан тарапынан Конституциялық Кеңестің төрағасы Игорь Рогов және Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми қатысты.

Махер Әбдел Уахид Қазақстан президентіне Египет басшысы Хосни Мүбарактың ыстық сәлемін жеткізді.

- Екі мемлекет басшылары Қазақстан мен Египеттің жан-жақты ынтымақтастығын ұдайы дамыту мен тереңдетуді белсенді қолдап отырады, - деп атап көрсетті М.Уахид журналистерге арналған брифингте.

Ол ағымдағы жылы Египетте де демократиялық институттарды дамыту мен нығайтуға бағытталған конституциялық реформа жүргізілгенін хабарлады.

Мемлекет басшысы сондай-ақ, Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне жақында ғана тағайындалған Ерлан Ыдырысовты да қабылдады. Өткен айдың соңында АҚШ президентіне сенім грамотасын тапсырған елші екіжақты стратегиялық әріптестікті дамыту туралы елбасынан нақты тапсырмалар алды. Ол ынтымақтастықтың барлық салаларын қамтитын жан-жақты қатынастарда басым бағыттар саналатын жаһандық қауіпсіздікті сақтау, сауда және инвестиция, демократиялық институттарды нығайту және энергетика салаларындағы бұған дейін де орнаған әріптестікті одан әрмен нығайта түсуі тиіс.

Елбасының қабылдауында Қазақстанның инвестициялық қорының басшысы Зейнолла Кәкімжанов та болды. Ол мемлекет басшысын өзі басқаратын инвестициялық қордың қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан ірі жобалармен танысты. Олардың арасында Қызылорда облысында салынып жатқан әйнек зауыты, Қырғызстанда қолға алынған аса ірі цемент зауыты және Орталық Азия елдерінде жүзеге асатын халықаралық деңгейдегі тағы бірнеше ірі жобалар бар. Қордың жалпы жұмысына қанағаттанғандық білдірген Нұрсұлтан Назарбаев жекелеген салалар бойынша жұмысты жанждандыра түсу туралы тапсырма берді.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті