Мемлекет басшысы Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, Н. Назарбаев сапар барысында Астана - Щучинск тас жолының қайта салыну барысымен танысты. Елбасына автомагистральды қайта салу жобасының жүзеге асырылуы туралы көлік және коммуникация министрі Серік Ахметов баяндады.

Президент сондай-ақ неміс технологиясы бойынша цемент пен бетоннан жол қабатын төсеу әдісімен танысты. Бетон төсеуді жолдың "Астана - Шортанды" мен "Макинск - Щучинск" аумақтарында "Гюнтер Папенбург" неміс компаниясы жүзеге асырады. Астана - Щучинск тас жолының жалпы ұзындығы 224 шақырымды құрайды. Жол салу жұмыстары 2009 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Жол өлшемдерін алты жолақты "І А" техникалық санаттағы халықаралық стандартқа жеткізу қарастырылған. Жобаның құны - 102 млрд теңге. Тас жолды қайта салуға қатысты жұмысқа "К-Дорстрой" АҚ, "ТОДИНИ ЦентралАзия" ЖШС, "Дена КЗ" ЖШС, "Ақмола құрылыс материалдары" ЖШС пен "Казахдорстрой" ЖШС жұмылдырылған.

Сонымен қатар, Елбасы Ақмола облысының Шортанды ауылындағы "А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорынына барып қайтты. Президентке ауылшаруашылығына инновациялық жобаларды енгізу жүйесі таныстырылды. Агроөнеркәсібіне инновацияны тиімді енгізу жобасы арнаулы ғылыми агроқалашық түрінде ұйымдастырылатын екі жетекші ғылыми-инновациялық институттар аясында түрлі зерттеу институттарын, ғылыми ұйымдар мен тәжірибелік шаруашылықтарды біріктіруді қарастырады. Жобаны іске асыруды "ҚазАгроИнновация" АҚ жүзеге асырады.

"Еңбек" ЖШС тәжірибелі егіс алаңына бару кезінде "Агро Союз Астана" Бірлескен кәсіпорын өкілдері Н. Назарбаевқа топырақты сақтаудың инновациялық агротехнологиясымен таныстырды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті