Мемлекет басшысы "Арселор Миттал Теміртау" компаниясына Теміртау қаласында білім беру нысандарын салуды тапсырды

"Теміртау қаласында физика-математикалық мектеп пен жастарға арналған оқу орталығын салуды тапсырамын", - деді елбасы компания басшылығына.

Н. Назарбаев "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының болат өндірісін жылына 10 млн тоннаға дейін жеткізу жөніндегі дамыту және жетілдіру концепциясын мақұлдады. Ол концепцияны компания басшысы Лакшми Миттал таныстырды.

Бұл концепцияға сәйкес Теміртаудағы болат өндірісінің көлемі 6 млн тоннаға дейін өсіріледі. Ал жаңа қуат көздерін іске қосу тағы 4 млн тонна болат өндіруге мүмкіндік береді. Бұл үшін компания Атасу кен орнын дамытып, кен өндіруді ұлғайта түспек.

Сонымен қатар, "Арселор Миттал" Атасуда жылдық қуаты 0,4 млн тонна болатын ферромарганец зауытын салу мүмкіндігін қарастырып көреді. Сондай-ақ, концепцияда коксталған және энергетикалық көмірдің 18 млн тоннасын өндіру үшін "Шахтинск" және Костенко атындағы шахталарды кеңейту мен "Тентек" шахтасын игеру жайы айтылған.