"Мемлекеттік комиссия өзін саяси диалог орнатудың тиімді институты ретінде көрсетіп, реформалардың логикасы мен мазмұны тұрғысында қоғамдық консенсусқа қол жеткізуге болатынын паш етіп, болашақ демократиялық дамудың айқын сүрлеуін сызып берді",- деді Н.Назарбаев бүгін демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында.
"Мемлекеттік комиссия еліміздің заңнамасын жетілдіре отырып, қолданыстағы Ата заңның әлеуетін біртұтас әрі толыққанды жүзеге асыруға септігін тигізді",- деді ол. Президенттің айтуынша, жалпы алғанда мемлекеттік комиссияның мүддесі аясына демократиялық реформаларды ілгерілетуге бағытталған 20-ға жуық заңдар мен құқықтық-нормативтік актілер енді. Заңнамалық инновациялар мәслихаттардың өкілеттілігі аясын кеңейту, әділеттілік және құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелерін қамтып, өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға негіз қалап, азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы қабылданды.
"Сонымен бірге саяси инновациялардың жобасын жасауға бағытталған мемлекеттік комиссияның жұмысы қазақстандықтардың саяси мәдениетінің өсуіне түрткі болды",- деді Н.Назарбаев. "Комиссияның жұмысы Қазақстанның өз дамуында демократиялық бағытқа біржола әрі сатылы түрде ден қойғанын және одан ауытқымайтынын тағы бір дәлелдеді",- деді ол.
"Бүгінде еліміздің демократияға қарай стратегиялық тұрғыда ілгерілеуін жүзеге асырушы әрі демократиялық реформалардың алгоритмін жасаушы - заңды мемлекеттік билік екеніне ешкім де күмән келтіре алмайды",- деді президент.
"Қазақстандағы билік тұрғындардың экономикалық және азаматтық белсенділігін іс жүзінде қолдауға, кәсіпкерлік либералды рухты көтермелеуге, азаматтардың саяси істерге атсалысу деңгейін арттыруға, олардың құқығын қорғауға талпынып отырғанына қоғам көз жеткізді",- деді президент.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті