Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, кеңес барысында кейбір мемлекеттік органдардың есептері тыңдалып, ұлтаралық және конфессияаралық саясат, көші-қон, шетелдік кәсіпорындардағы қазақстандық азаматтардың құқықтарының сақталуы, ақпараттық және тіл саясатына қатысты, сондай-ақ басқа да мәселелер талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі күнгі ішкі саясаттың басты басымдықтарын айқындай келе, ұлттың ұзақ мерзімді тұрақты дамуы мен оның бірлігінің нығайтылуы мемлекет тарапынан қамтамасыз етілуі қажеттігін атап өтті. Ұлтаралық тұрақтылық пен конфессияаралық келісім құндылықтары "халықтар бірлігі" ұғымына тоғысуы тиіс. Ішкі саясатты жоспарлау мен ұйымдастыруға деген жаңаша көзқарас сенімділік пен әлеуметтік оптимизмге негізделуі шарт.
"Кеңесті қорытындылай келе Елбасы ішкі саясат саласын жетілдіруге, қазақстандық қоғамның тұрақтылығы мен бірігу, топтасу әлеуетін нығайтуға жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, ішкі саясаттың жаңа тұжырымдамасын және осы саланың 3 жылдық іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды", - деп атап көрсетілген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Аймақтық әкімдерге инфляция мен бағаның өсуін тежеу, шағын және орта бизнесті несиелендіру, қысқы мерзімге дайындық жөнінде тапсырмалар берілді. Сондай-ақ кеңесте елорданың 10 жылдық мерейтойына дайындық барысы туралы Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетовтің есебі тыңдалды.