Мемлекет басшысы Конституциядан парламент палаталарын қалыптастыру тәртіптерін айқындайтын нормаларды алып тастауды ұсынды

"Бұл тәртіп "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заңда жан-жақты ашып көрсетіледі",- деді Н.Назарбаев. Оның айтуынша, мұндай қадам "Конституцияның дәл осы тұсы қоғамда жиі талқыға түсетін тақырыпқа айналуына байланысты. Сол себепті оны өзгерту үшін қайта-қайта Конституцияға қол сұға бермей, болашақта бұл мәселені конституциялық заңмен реттеген абзал",- деді президент.

Мемлекет басшысы сонымен бірге Конституциядан парламент депутаты қандайбір императивтік мандатпен байланысты емес деген норманы алып тастауды ұсынды. "Бұл мәжіліс депутаттары пропорционал сайлау жүйесімен сайланған жағдайда дауыс беруде біртұтас партиялық ұстанымды немесе партиялық фракцияның ұстанымын сақтау қажеттігіне тікелей байланысты",- деді Н.Назарбаев.

"Сонымен бірге егер мәжіліс депутаты өзі сайланған саяси партиядан шыққан немесе одан шығарылған жағдайда өз мандатынан айрылуы мүмкін болса, сенат депутаттарына мұндай негіз әсер етпейді",- деп түсіндірді президент.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті