Мемлекет басшысы мен ҚР мұсылмандарының діни басқармасының төрағасы мемлекеттегі жалпы діни ахуалдың кейбір мәселелерін талқылады

Бас мүфти президентті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атқарған жұмыстары туралы хабардар етті.

Кездесу барысында елдегі жалпы діни ахуалдың, конфессияаралық және этносаралық келісімді одан әрі тереңдетудің кейбір мәселелері талқыланды.

Президент Түркістан қаласында салынатын мешіттің жобасымен танысты.

"2000 жылы Түркістанның 1500 жылдығына арналған салтанатты шара барысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия президенті Ахмет Неджет Сезер күмбезді мешіттің іргетасын қалаған. Бүгінде қажетті қаражат жиналды, таяуда құрылысы басталатын болады", - деді Бас мүфти журналистерге арналған брифингте.

Сондай-ақ Дербісәлі қажы мемлекет басшысына орта ғасырдың ұлы тарихшысы, ақыны, мемлекет қайраткері Мұхаммед Хайдар Дулатидің шығармашылығына байланысты өзінің ғылыми еңбегі жөнінде әңгімеледі.

"Күні бүгінге дейін оның «Жаһан наме» поэмасы зерттелмеді және жарыққа шықпады. Мен Қашғариядан және Берлин кітапханасының қолжазба қорынан осы туындының екі нұсқасын таптым. Олардың негізінде кітап басылып шықты. Мен осы кітапты президентке тарту еттім", - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.