«Санамалап атап өткенімдей теріс тенденцияларды жұмсарту үшін өткен жылы көптеген шаралар атқарылды. «Нұрлы жол» бағдарламасы - бұл дағдарысқа қарсы шара. Мен дәл осы жылы қиындықтар болатындығын айтқанмын. Біз алдын орап, осы бағдарламаны қабылдадық. Ол қиын жағдайда экономикамыздың өсім және біздің азаматтарымыз үшін жұмыс орындарын құру нүктесі болып табылады», - деді Елбасы.
ҚР Президенті өз сөзінде бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысы кеңес тәртібімен өтетіндігін, Министрлер кабинетінің әрбір мүшесі өз пікірін білдіре алатындығын ескертті. Үкімет мүшелерінің өңірлерді аралап, облыс басшыларымен кездескенін әрі жергілікті кәсіпорындар мен әкімдіктер арасында өзара іс-қимыл туралы меморандумдарға қол қойылғандығын еске салып өтті.
«Нұрлы жол» бағдарламасының биылға жоспарланған барлық көліктік-логистикалық жобалары басталу сәтіне әзір. Бұл туралы бүгін Ақордада өтіп жатқан ҚР Үкіметінің кеңейтілген құрамдағы отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
«Бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасының биылға жоспарланған барлық көліктік-логистикалық және инфрақұрылымдық жобалары басталу сәтіне дайын. Атап айтқанда, бұл жобалар еш кідіріссіз іске қосылатын болады», - деді Б. Сағынтаев.
Оның сөзіне қарағанда, ТКШ саласында 86 жоба іріктелініп алынды. Бюджеттік несиелер өңірлерге наурызда бөлінеді. Сәуірде жүзеге асыру шаралары басталады.