Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, А. Мамин президент Н. Назарбаевқа Елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндады.
А. Маминнің айтуынша, Астананы көшіргеннен бергі 10 жыл ішінде негізгі қорға тартылған инвестиция көлемі 20 есеге ұлғайған. "Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша оның көлемі 25 пайызға артып, 3,5 миллиард долларды құрамақ. Өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен он жылда 15 есеге артты. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының басқа да индикаторлары бойынша көрсеткіштер де осындай шамада өсіп отыр", - деп хабарлады әкім.
Н. Назарбаев өз кезегінде: "Біз Қазақстанда экономиканың өсу нүктесі болып табылатын ірі мегаполисті құрдық. Мұнда үлкен қаражат тартылуда, оны тиімді пайдаланып, жалпылай алғанда Астананың құрылысын 2010 жылға қарай аяқтауымыз керек. Сондай-ақ Астанада, қазір жоғары, нағыз Елордалық деген атқа лайық мемлекеттік қызмет көрсету және сервис деңгейін құру мәселесімен айналысу қажет".
Елбасы Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне орай Астанада саммиттерді өткізу кезінде ұйымға мүше 56 мемлекеттің делегациясы орналасып, жұмыс істей алатын ғимарат салу керектігін атап көрсетті.
Сондай-ақ, кездесу кезінде көлік және энергетика саласындағы ірі инвестициялық жобалар қарастырылды.
"Мен Елбасын Астанадағы тұрғын үй құрылысы бағдарламасының, оның ішінде "Қол жетерлік тұрғын үй" бағдарламасының жүру барысымен таныстырдым. Сондай-ақ, Астананың 10 жылдық мерейтойын өткізуге байланысты мәселелер талқыланды", - деді Асқар Мамин тілшілерге арналған брифингте.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті