Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен "Еуропалық Одақ үштігі - Орталық Азия елдері" мәжілісіне қатысушы делегациялардың басшыларымен кездесті

Кездесу барысында Еуропалық Одақтың Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясының жобасын әзірлеу аясында Еуропалық Одақтың Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастығын жан-жақты дамыту мәселелері талқыланды.

Кездесуге қатысқан Германия Федеративтік Республикасының сыртқы істер министрі Франк Вальтер Штайнмайер, Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдері бойынша арнайы өкілі Пьер Морель, Еропалық комиссияның сыртқы байланыс пен еуропалық көршілестік саясаты жөніндегі комиссары Бенита Ферреро-Вальднер, Қырғызстан Республикасының сыртқы істер министрі Эднан Карабаев, Тәжікстан Республикасының сыртқы істер министрі Хамрохон Зарипов, Түрікменстан сыртқы істер министрінің орынбасары Вепа Хаджиев Еуропалық Одақтың Орталық Азияға қатысты стратегиясын әзірлеудің өзектілігін атап өтті. Аталған Стратегия әлеуметтік-экономикалық даму, еркін сауда және инвестиция, энергетика, ортақ қауіп-қатерлер мен ығыттарға қарсы күрес, білім және кәсіби дайындық, демократиялық даму, адам құқықтарын сақтау, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы аймақаралық ынтымақтастықты кеңейтуді қамтиды.

- Мен Президентке меймандостығы үшін және біздің "ЕО үштігі - Орталық Азия елдері" мәжілісін осында өткізе алғанымыз үшін ризашылығымды білдірдім. Біз сыртқы істер министрлері деңгейінде мұндай форматта алғаш рет кездесіп отырмыз. Біз Президентке Еуропалық Одақтың тек қана өзекті мүддесі емес, ал жаңа бағыты болып табылатын Еуропалық Одақтың Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясының мәні мен мағынасы туралы баяндап бердік, - деді Германия сыртқы істер министрі журналистерге арналған брифингте.

Ол ғылыми-гуманитарлық байланыстарды, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, Орталық Азия өңірінде демократияландыру процесін жалғастыру қажеттігіне баса назар аударды.

- Қазақстан біз үшін осы өңірдегі бірінші тірегіміз ретінде аса маңызға ие. Біз сіздердің елдеріңізбен ерекше әріптес болғымыз келеді. Сонымен қатар біз барлық өңірлермен қарқынды ынтымақтастық орнатуға ниет білдіреміз, және бұл бағытта жұмыс жасап отырмыз. Бұл түрлі саладағы - білім, энергетика, экономика, сауда, инвестиция салаларындағы әріптестік болуы тиіс, - деді Бенита Ферреро-Вальднер Қазақстан басшысымен кездесуінен кейін.

Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдері бойынша арнайы өкілі Пьер Морель лаңкестікпен және есірткі трафигімен күрестегі ынтымақтастықты нығайту қажеттілігі туындағанын атап айтты.

- Біз Президентке бүгін таңертең болып өткен кездесудің қорытындыларын әңгімеледік. Мәжілісте біз қол жеткізген барлық уағдаластықтар оң қабылданды. Нұрсұлтан Назарбаев аймақаралық ынтымақтастықты нығайтуды және Еуропалық Одақ пен орталық Азия қарым-қатынасын дамыту үшін жаңа сапалық қатынасты жетілдіруді қуаттады. Біз арадағы ынтымақтастық біздің халықтарымыз үшін одан да сапалы, жемісті әрі баянды болады деп үміттенеміз, - деді Тәжікстан сыртқы істер министрі.

Аталған Стратегия жобасы мен Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы қызметінің негізгі бағыттары ағымдағы жылы Еуропалық Одақтың жарғылық органдарының сессиясында қаралып, бекітіледі, содан кейін Еуропалық Одақ мемлекет және үкімет басшыларының саммитінде мақұлданады деп күтілуде.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті