Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Бас муфтиі мен "Қазақ тілі" қоғамдастығының президентін қабылдады

Президент пен Бас муфтиідің кездесуі барысында елдегі жалпы діни ахуал, Қазақстанда мешіттер салуды ретке келтіру, имамдарды даярлау мәселелері талқыланды, деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

"Мен Президентке Алматыдағы "Нұр-Мүбарак" Ислам университетіндегі істің жайын баяндадым. Университет бірнеше түлектерін шығарып үлгерді. Мемлекет басшысына жас имамдарды жұмыс орындарына бөлу және оларды еңбекке орналастыру туралы хабардар еттім",- деді муфти журналистерге арналған брифингте.

Ол сондай-ақ, бүгінгі таңда елде 1900-ден астам мешіт бар екені және олардың 99 пайызы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының басшылығымен жұмыс істеп жатқаны туралы хабарлады.

Мемлекет басшысы Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының президенті, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі Өмірзақ Айтбаевпен кездесуі барысында мемлекеттік тілді дамыту мәселелері, сондай-ақ гуманитарлық саладағы ғылыми-зерттеу институттарының тиімді жұмыс істеуі жайы қаралды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті