Мемлекет басшысы омбудсменнің құзыреті аясын кеңейтуді қарастыратын жарлыққа қол қойды

Құжатқа сәйкес, уәкілетті өкіл азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау үшін сот мәжілісіне қатыса алады. Сонымен бірге омбудсмен Қазақстан азаматтары, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардың шағымын қарау қорытындысы бойынша шығарылған сот қаулысы, анықтамасы, сот үкімі немесе күшіне енген шешімінің заңдылығын тексеру туралы өтінішпен сот немесе прокуратураға шыға алады. Сондай-ақ, бұдан басқа да жолдармен адам құқығы мен бостандығы шектелгендігі туралы ақпарат алған жағдайда осы мәселе бойынша парламенттік тыңдау өткізу туралы ұсыныспен парламент палаталарына өтініш жасауға құқылы болмақ.

Бұған қоса омбудсмен адам құқығы мен бостандығын бұзған лауазым иесіне қатысты қылмыстық, әкімшілік немесе тәртіптік іс қозғау, сондай-ақ, материалдық немесе моральдық шығынды өтеп беру туралы мемлекеттік мекемелерге немесе лауазым иелеріне өтініш жасау мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен бірге Елбасының жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия сақталып қалады. Ол адам құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілмен және басқа да мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып адам құқығы мен бостандығын қорғау ісімен айналыса береді.