Мемлекет басшысы премьер-министрге "Қазақтелеком" компаниясының президентін жұмыстан босатуды тапсырды

"Белгілі болғанындай, "Қазақтелеком" акционерлік қоғамының президенті ай сайын 365 мың АҚШ доллары көлемінде жалақы алып келген. Бұл екі миллион доллардан астам жыл сайынғы арнаулы сыйақыны қоспағандағы сома",- деп мәлімдеді президент. "Қандай көрсеткіші үшін ай сайын 365 мың доллар берілді?",- деген сауал тастады президент.

""Қазақтелеком" компаниясының президенті жұмыстан тез арада босатылсын. Мұндай лауазымда істеуге оның моральдық құқығы жоқ",- деп қысқа қайырды президент үкімет басшысына қаратып айтқан сөзінде.

Мемлекет басшысы ұлттық компаниялардың, даму институттары мен мемлекеттің қатысуымен құрылған акционерлік қоғамдардың басқа да басшыларының жалақысы да шектен шыққандығын атап өтті. "Сендер оған тамақтарыңның ақшасын, телефонмен сөйлескендерің үшін төлеген ақыны , тіпті кір-қоңдарыңды жуғызған ақыны да жазып қойғансыңдар - арсыздар!",- деді Н.Назарбаев.

"Қазақстан даму банкінің президенті Қамбар Шалғымбаев айына 100 мың доллар, оның орынбасары 40 мың доллар алып отырған. "Қазпошта" АҚ-ның қазіргі басшылығының жалақысы 2 есе өскен. Жаңадан құрылған "Самұрық" холдингінің жетекшісі 34 мың доллар, оның орынбасарлары - 32,5 мың доллар алған",- деп мәлімдеді президент.

"Озбырлыққа бой алдырғандардың бәріне ақшаны өз бетімен қайтаруға нұсқау берілсін. Қайтармағандарды жеке тізімге қамтып, баспасөз беттерінде жариялау керек. Артынан заңды түрде тексеру жүргізілетін болады",- деді Елбасы.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті