Президент Қарағандыда екі күн болмақ. Сондай-ақ, Н.Назарбаевтың қатысуымен Қарағанды көмір бассейні шахталарында қаза болған шахтерларға ескерткіштің ашылуы өтеді. Сапар бағдарламасында сонымен бірге, "Отан" партиясының активімен кездесу жоспарланып отыр. Сол күні мемлекет басшысы керамикалық кірпіш өндіретін "Картек" ЖШС зауытында болады. Ал кешке облыстың мерейтойына орай "Шахтер" стадионында өткізілетін театрландырылған қойылымды тамашалайды.
Сенбі күні кешкісін президенттің қатысуымен С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының жаңа ғимаратының іргетасын қалау рәсімі өтеді.
Мерейтой шараларына алыс және жақын шетелдерден қонақтар қатысады деп күтілуде.
Қарағанды облысының іргетасы 1936-жылдың 29-шілдесінде қаланған. Облыстың 70 жылдық мерейтойы тамыздың соңғы жексенбісінде белгіленетін Шахтерлар күнімен орайластырылып отыр.