Мемлекет басшысы «Qarmet» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевті қабылдады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ақорда сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның биыл атқарған жұмысының алдын ала нәтижелері мен инвестициялық бағдарламаларды іске асырудың негізгі бағыттары таныстырылды. Компания қызметінде оң динамика байқалады. Екі жылда болат өндірісі 22 пайызға, көмір концентраты 26 пайызға, темір кені 32 пайызға артты. Өнімнің өзіндік құны 28 пайызға арзандап, шығарылатын маркалардың түрі 260-тан 350-ге дейін ұлғайды.

Андрей Лаврентьев 9 ірі инвестициялық жобадан тұратын кешенді бағдарламаны жүзеге асыру жайында баяндады. Бұл бастама елдегі болат өндірісін жүйелеп, металл прокаты импортын төмендетуді көздейді. Бұдан бөлек, болаттың жоғары сапалы жаңа маркаларын, соның ішінде атом электр станциясының құрылысына арналған өнім шығару жолға қойыла бастады.

Президентке көмір және тау-кен бағытын дамыту бағдарламасы таныстырылды. Еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік бастамаларға баса мән берілді. Qarmet компаниясына қарасты медициналық және білім беру ұйымдары жаңғыртылып жатыр. Компания мен кәсіподақтар арасында жаңа ұжымдық келісімшарт жасалды. Құжат 35 мың еңбеккерге әлеуметтік кепілдік беруді қарастырады.

Мемлекет басшысына Qarmet жанынан ірі металлургиялық кластер құрылып жатқаны туралы айтылды. Бұл шағын және орта кәсіпорындардың шикізатты терең өңдеумен айналысуына мүмкіндік береді. Бағдарлама «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингімен бірге іске асырылмақ. Сондай-ақ машина жасау зауыттарының өндіріс барысында отандық болатты пайдалануы бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

Кездесу соңында Президент Qarmet металлургия кешенінде атқарылған жұмысқа оң бағасын беріп, даму жоспарына қолдау білдірді. Сонымен қатар кәсіпорынды жан-жақты жаңғырту, әлеуметтік мәселелерді шешу, экологиялық жағдайды жақсарту, машина жасау өндірісін жандандыру шараларын жалғастырудың маңызына тоқталды.