"Бүгінгі парламент сайлауы еліміз ойдағыдай дамып, экономикалық өсу қарқыны жақсарған, халықтың әл-ауқатыарта түскен жағдайда, еліміз үшін айрықша маңызды бағдарламалар - Тұрғын үй, Индустриялық-инновациялық, Мәдени мұра бағдарламалары жүзеге асырылып жатқан жағдайда өткізілгендігімен ерекшеленеді", -деді Елбасы.
"Бұл сайлау біз алғаш рет "Сайлау туралы" заңды өзгертіп, сайлауды әділ әрі ашық өткізуге мүмкіндік жасалған жағдайда, бұрығыдан өзгеше ахуалда өтіп жатыр",- деді мемлекет басшысы. "Сондай-ақ, біз бұл сайлауды "Саяси партиялар туралы" жаңа заңның аясында өткізіп отырмыз. Партияларды тіркеу үшін 50 мың мүше болу керек деген талап төңірегінде біршама дау туғаны рас. Бірақ бұл қандай да болмасын әлеуметтік базасы бар, салмақты партиялардың дүниеге келуіне ықпал жасады",- деді ол.
"Бұл сайлауға алыс және жақын шетелдерден мыңнан астам бақылаушы сайлау барысын қадағалауда. Бұл бұрын-соңды болмаған жоғары көрсеткіш",- деді президент. Сондай-ақ, ол "елімізде электронды дауыс беру шарасы алғаш рет жүзеге асырылғанын, бақылаушылардың басым көпшілігі елімізден үйренуге құлшыныс танытқанын" атап өтті. "Қазақстан қашан да жаңартулардан қалыс қалмаған. Сол сияқты бұл істе де басқаларға үлгі бола білді",- деді Елбасы. "Электронды дауыс беру жүйесінде қорқатын түк те жоқ. Өз басым қазір ғана жаңа жүйе бойынша үлкен ризашылықпен дауыс бердім",- деді мемлекет басшысы.