Мемлекет басшысы Қоршаған ортаны қорғау министрі мен Көлік және коммуникациялар министрін қабылдады

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, кездесу барысында Н.Ысқақов президентті министрліктің өткен жылғы жұмыстарының қорытындылары жөнінде хабардар еткен.

"Мемлекет басшысы министрлікке 2024 жылға дейін тұрақты даму мақсатымен энергия мен қайта қалпына келетін қорларды тиімді пайдалану стратегиясын қабылдау міндетін жүктеді. Елбасы баламалы қуат көздерін және Қазақстанға "лас" технологияларды енгізуге тыйым салуды қолдау туралы заң жобасын дайындау мәселесіне көңіл аударды", - деп хабарлайды баспасөз қызметіндегілер.

"Министрлік алғаш рет 2007 жылғы жыл қорытындысын тұрақты дамуға көшудің бекітілген мақсатты көрсеткіштері негізінде шығарды. Өткен жылы атмосфераға таралған зиянды қалдық 8%, су объектілеріне 7%, өндіріс қалдықтарын жинау көлемі 3% азайған. Бұл үкіметтің орта мерзімдік бағдарламасына сәйкес келеді", - деді Н. Ысқақов тілшілерге арналған брифингте.

Көлік және коммуникациялар министрі С.Ахметов Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі көлік стратегиясының жүзеге асырылу барысы туралы есеп берді, сондай-ақ автокөлік және темір жол, су көліктері салаларындағы инфрақұрылымдық нысандар құрылысын салу барысы туралы баяндады.

"Президент консессиялық негізде, яғни, мемлекет пен жеке сектордың серіктестігі негізінде инфрақұрылым объектілерін салу мәселесіне көңіл аударды. Теміржол мен азаматтық авиация салаларына президент нақты тапсырмалар берді. Берілген тапсырмалардың барлығы біздің министрліктің қадағалауында болады", - деп хабарлады тілшілерге Елбасымен болған кездесуден кейін С. Ахметов.