Мемлекет басшысы Ресейдің мүфтийлер кеңесінің төрағасын қабылдады

Кездесу кезінде Қазақстан мен Ресейдің мұсылман ұйымдары арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Муфтий шейх Равиль Гайнутдин Ресей Федерациясы мұсылман жұртшылығының шешімі бойынша Қазақстан басшысына Ресейдің І дәрежелі "Әл-Фахр" жоғары мұсылмандық орденін тапсырды.

"Біз Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көпұлтты және көпконфессиялы мемлекетте бейбітшілік пен тыныштықты сақтауда атқарған қызметін аса жоғары бағалаймыз. Президенттің өз мемлекетінің экономикалық және саяси дамуына ғана емес, сондай-ақ халқының рухани дамуына да көп көңіл бөлетінін жақсы білеміз. Қазақстан басшысы ислам идеологиясын және экстремизммен күресті қолдауда басқа да мемлекет басшыларына үлгі көрсетіп отыр. Біз қоғамымызда және біздің мемлекеттерімізде ислам дінін одан әрі қалыпты жағдайда дамыту үшін екіжақты ынтымақтастықты дамытуға келістік. Біз мемориалдық мешіт құрылысы кезінде көмек көрсеткені үшін Қазақстан халқына ризашылығымызды білдіреміз", - деді Р.Гайнутдин журналистерге арналған брифингте.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті