Мемлекет басшысы Астананың сенімді диалогқа, берік сауда және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға негізделген екіжақты серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашуға дайын екеніне тоқталды.
Президент бүгінгі 46-шы Сингапур лекциясында аймақтық қауіпсіздік, тұрақтылық және орнықты даму тақырыбы бойынша сөз сөйлеу зор мәртебе екенін жеткізді.
Өз кезегінде Сингапурдың аға министрі Тео Чи Хин Оңтүстік-Шығыс Азияны зерттеу институтына келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол әлеуметтік-саяси үрдістерді, өңірдегі қауіпсіздік мәселелерін және экономикалық жағдайды зерттеуде Қазақстан Президентінің дәрісі өзекті саналатынына тоқталды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы мен Сингапурдың аға министрі халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Тео Чи Хинге өзінің «Беласу. Дипломатиялық очерктер» кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасына қолтаңба берді. Айта кетерлігі, Тео Чи Хин бұл кітапты Қазақстанға жасаған сапарында сатып алып, зор ықыласпен оқып шыққан.