Мемлекет басшысы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен "Қазақтелеком" басшысын қабылдады

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Бақытжан Сағынтаев жуырда лицензия беру және инфрақүрылымға және монополистердің қызметіне алалаусыз қол жеткізуге техникалық шарттарды айқындау функцияларын атқаратын инфрақұрылымдық реттеуіш мәртебесіне ие болған агенттіктің ағымдағы жұмыстары жайлы есеп берді.

"Дүниежүзінде қуат көздерінің бағасы қымбаттай түсу ағымы байқалып отыруға байланысты президент қуат үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру және қуат үнемдеу мәселелерін насихаттау жөнінде тапсырма берді", - деді агенттік басшысы журналистерге арналған брифингте.

Сонымен бірге, баспасөз қызметінің хабарлауынша, Н. Назарбаев "Қазақтелеком" президенті А. Жұмағалиевпен кездесуде елдімекендерді телефонмен қамтамасыз етуді аяқтау, Ғаламтордың Қазақстандық бөлігін дамыту және "Қазақтелеком" АҚ-ның телекоммуникациялық жүйесінің транзиттік әлеуетін дамыту жайын талқылады.

"Президент осы жылдың аяғына дейін 50-ден аса адам тұратын елдімекендерді түгелдей телефонмен қамтамасыз етуді аяқтауды тапсырды. Қазіргі жағдаймен Қазақстанда осындай 356 ауылдың тұрғындары еліміздің телефон желісіне шыға алмайды. Сонымен бірге, "Қазақтелекомға" 2009 жылдың аяғына дейін ауылдық жерлерді толықтай телефон байланысымен қамтамасыз ету міндеті жүктелді",- деді А. Жұмағалиев брифингте.