Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ақорда сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Президенттің төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы кезекті отырысы өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы іс-шараларға қатысқаны үшін ЕАЭО-ға мүше елдердің және байқаушы мемлекеттердің басшыларына, сондай-ақ арнайы шақырылған қонақтарға алғыс айтты.
– Бүгінгі кездесуіміз ерекше мәнге ие. 2014 жылы дәл осы күні Бірлестігіміздің негізін қалаған Шартқа қол қойылды. Жоғары кеңестің шешімімен 29 мамыр – Еуразиялық экономикалық одақ күні болып ресми түрде жарияланды. Бірлестігіміздің он жылдан астам тарихы бар. Осы уақыт ішінде экономикалық интеграцияны тереңдету бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Атап өтерлік жайт, бұл күндері Астанада Жоғары кеңестің отырысымен қатар, Еуразиялық экономикалық форум өтіп жатыр. Форум қорытындысы сан қырлы іскерлік серіктестігімізге тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ макроэкономикалық дамудың оң динамикасын сақтап отырғанына тоқталды.
– Болжамға сай, 2026-2027 жылдары ЕАЭО елдерінің жиынтық ішкі жалпы өнім өсімі 2,5 пайызға жуықтауға тиіс. Жаһандық нарықтағы тұрақсыздыққа қарамастан, былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымы 95 миллиард доллардан асты. Биыл өзара сауда-саттық көлемі 6 пайызға ұлғаяды деп күтіп отырмыз. Бұл 100 миллиард долларлық межені еңсеруге мүмкіндік береді. Дегенмен халықаралық ұйымдардың жаһандық нарықтағы жағдайға берген бағасы көңіл көншітпейді. Халықаралық валюта қорының баяндамасына сәйкес, биыл әлем экономикасы 3 пайызға дейін баяулайтыны жөнінде айтылып жүр. Әрине, дүние жүзіндегі құрылымдық өзгерістер ЕАЭО-ның экономикалық дамуына да әсер етпей қоймайды. Қазіргі сәтте Бірлестігімізді жаңа жағдайларға бейімдеу, ішкі орнықтылықты нығайту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру өте өзекті міндет болып тұр, – деді Мемлекет басшысы.
Жоғары кеңестің төрағасы ретінде Қазақстан Президенті интеграциялық құрылымды одан әрі қарқынды дамытуды көздейтін бірқатар стратегиялық басымдықты атады. Сонымен қатар еліміздің ұсыныстарына қолдау көрсеткені үшін әріптестеріне алғыс айтты.
– Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемені қабылдау мақсатымыздың ортақ екенін көрсеткен маңызды шешім болды. Осы саладағы белсенді ықпалдастыққа үміт артамын. Күш-жігерімізді келесі басым бағыттарға жұмылдырудың мәні зор деп санаймын. Бірінші. Еуразиялық интеграцияның цифрлық негізін нығайту. Цифрландыру мен жасанды интеллект арқылы жаңа технологиялық жүйе қалыптастыру кезінде деректерді жедел өңдеу, автоматтандыру және инновацияны жаппай енгізу табыстың негізгі факторына айнала бастады. Сарапшылардың пайымына сүйенсек, әлемде жасанды интеллект технологияларына құйған қаржы көлемі 1 триллион долларлық межеден асты. Алдағы онжылдықта оның жаһандық экономикадағы жиынтық үлесі бірнеше есе көбейіп, 7 триллион долларға жетуі мүмкін. Озық технологиялар еуразиялық интеграцияның қуатты катализаторына айналуы керек. Бұл қазірдің өзінде жүзеге аса бастады. ЕАЭО кеңістігінде осы бағыттағы жұмыс дәйекті түрде жалғасып келеді деп нық сеніммен айтуға болады. Трансформация өндіріс және логистикадан бастап, ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік басқаруға дейінгі барлық саланы қамтиды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан жасанды интеллектіні енгізу бойынша бірқатар жүйелі шараны қолға алды.
– Astana Hub базасында қарқынды ілгерілеп келе жатқан әрі толыққанды стартап-экожүйе қалыптасуда. Елімізде 100-ден астам жаңа жоғары технологиялық компания жедел дамып келеді. Қазақстан технологияны нетто-экспорттаушы мәртебесін ресми түрде дәлелдеді. ІТ қызметтер экспортының көлемі 1 миллиард доллардан асты. Біздің бастапқы жетістіктеріміз халықаралық деңгейде мойындалды. EGDI (E-Government Development Index) жаһандық рейтингіне сәйкес, Қазақстан 24-орын алады. Ал онлайн қызметтердің сапасы бойынша әлемдегі үздік ондыққа кіреді. Ендігі міндет – осы табысты тәжірибені кеңінен тарату. Астанада Халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығы іске қосылды. Бұл талантты бағдарлама әзірлеушілер шоғырланған орталық қана емес, жасанды интеллект негізіндегі қолданбалы шешімдерді ойлап табатын әрі енгізетін аймақтағы басты алаң саналады. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің цифрландыру саласындағы жетістіктерін, мемлекеттік басқарудағы платформалық шешімдері мен заманауи тәсілдерді енгізу үлгілерін мұқият зерделейміз әрі жоғары бағалаймыз. Одаққа мүше елдердің әрқайсысы цифрлық трансформацияның жекелеген бағыттарында айтарлықтай тәжірибе жинады. Ұлттық құзіреттерді дамытумен қатар бірлескен технологиялық бастамаларды қалыптастыруға белсенді түрде атсалысқан жөн. Үздік тәжірибелер мен тиімді шешімдерді бөлісуіміз керек. Бұл ЕАЭО аясындағы цифрлық дамуды жеделдетіп, экономикаларымыздың бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия кеңістігіндегі көлік дәліздерін цифрландыруды тағы бір басымдық ретінде атады. Мемлекет басшысының айтуынша, Еуразияның көлік жүйесі Азия, Еуропа және Таяу Шығыстың басты нарықтарын байланыстыратын жоғары технологиялық халықаралық бағыттардан құралады.
– Бұл арада жалпы ұзындығы 50 мың шақырымнан асатын көлік дәліздерінің тұтас жүйесі туралы сөз болып отыр. Оның 10 мың шақырымнан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Жаһандық сауда-экономика тізбегіндегі жетекші орнымызды сақтау үшін трансшекаралық инфрақұрылымды одан әрі дамыту және цифрландыру қажет. Ыңғайлы логистикалық шешімдер, жүкті тұрақты жеткізу мен өткізу жылдамдығы Еуразиялық экономикалық одақтағы транзит көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан өткен жылдың соңында біз Smart Cargo секілді құралдарды жүйелі түрде енгізе бастадық. «Бір терезе» қағидатымен қызмет ететін платформа аясында көлік дәліздерін цифрландыру жұмыстары қолға алынды. Қазақстанда көрші елдермен рұқсатнаманы электрондық бланкі форматында алмасу механизмі енгізілді. Одақ аясындағы ақпараттық жүйелерді өзара кіріктіру – уақыт талабы. Осы орайда Еуразиялық экономикалық комиссия ұлттық сервистердің цифрлық «сөресін» жасақтауды қолға алды. Бұл – өте өзекті. Аталған үдерісті жеделдетіп, ЕАЭО цифрлық көлік дәліздерінің толыққанды экожүйесін қалыптастыру қажет деп ойлаймын. Осы бағытта күш-жігерімізді біріктірсек, Еуразияның жоғары технологиялы көлік хабын құруға әбден болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі өндіріс ошақтары мен агроөнеркәсіп кешенін цифрлық трансформациялаудың маңызына назар аударды. Президенттің пайымынша, экономиканы цифрландыру – технологиялық тренд қана емес, бәсекеге қабілетті болудың басты кепілі.
– Қазақстан бұл сынаққа ауқымды Цифрлық трансформация тұжырымдасын қабылдау арқылы жүйелі әрекеттермен жауап бермек. Өнеркәсіп секторы мен тау-кен және металлургия кешеніндегі роботтандыру, «бұлттық» шешімдер, ірі кәсіпорындардың «цифрлық телнұсқасы» өнімділікті ұлғайтып, шығынды азайтады. Ауыл шаруашылығын автоматтандыру мол өнім жинауға, су үнемдеуге, қоршаған ортаға зиянды азайтуға септігін тигізеді. Мал шаруашылығына қағаз жүзіндегі құжат айналымынан бас тартып, есептің дәлдігін арттыратын бірқатар цифрлық жүйе енгізілді. Еліміздің түкпір-түкпірінде 650-ден астам «ақылды» фермалар жұмыс істеп тұр. Онда сиыр сауу, бордақылау және микроклиматты қадағалау үрдістері автоматтандырылған жүйелермен жабдықталған. Егін және тұқым шаруашылығында өнімді «егіс даласынан тұтынушы дастарқанына дейін» жеткізу тізбегін қадағалайтын жүйе енгізіліп жатыр. Тыңғылықты жоспарлау мен цифрлық болжау мүмкіндіктерін пайдалану нәтижесінде Қазақстанда екінші жыл қатарынан егін бітік шығып, 27 миллион тонна көлемінде астық жиналды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ауыл шаруашылығы жерлерін жаппай цифрландыру жұмысы жүргізілуде. Агродрондар, жерсеріктік навигациялар мен метеостанция мәліметтері кеңінен қолданыла бастады. Жер телімін пайдалануға беру үдерісі электронды форматқа көшірілді. Дихандар мен шаруаларды мемлекет тарапынан қолдау тетіктері толықтай электрондық форматқа ауысты. Бұл жемқорлық тәуекелдерін азайтады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын цифрландыру тәжірибесін кеңінен тарату қажет деп санайды.
– Жаһандық азық-түлік нарығындағы ЕАЭО позициясын нығайтатын жоғары технологиялық бастамаларды қолдауға күш салуға болады. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа агроөнеркәсіп кешеніндегі кооперациялық жобаларды қаржылай қолдау бойынша түзетулер енгізіліп, қабылданды. Бұл – осы жолдағы маңызды қадамның бірі. Мұндай технологиялық бастамаларды қаржыландыру көлемін ұлғайту үшін Еуразия даму банкінің мүмкіндіктерін пайдаланған жөн. Құрылғаннан бергі жиырма жыл ішінде аталған қаржы институты еуразиялық интеграцияның тиімді әрі сұранысқа ие құралы екенін дәлелдеді. Біз шағын құрамдағы кездесуде Банктің басқарма төрағасы жасаған мазмұнды баяндаманы тыңдап, оны бекіттік. ЕАДБ алдағы уақытта да Одақ кеңістігіндегі стратегиялық жобаларды жүзеге асыруда басты локомотив болуға тиіс деген ұйғарымға келдік, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлем экономикасы трансформацияланып жатқан кезеңде жаңа табыс көздерін іздеу тағы бір басымдық екенін атап өтті.
– Ұлттық экономикалардың ұзақмерзімді орнықтылығы мен болашақтағы орнын сайлауы жаңа технологиялық сын-қатерлерге жедел бейімделуіне тікелей байланысты. Бұл жөнінде біз кеше, Еуразиялық экономикалық форумның алғашқы күнінде егжей-тегжейлі талқыладық. Жаппай цифрландырудан бастап жасанды интеллектіге дейінгі технологиялық прогресс толқыны бірінен соң бірі туындап жатыр. Осылайша, технологиядағы әрбір жаңа белес озық ойлы адамдарға мүмкіндік сыйлайтын келесі соны серпіліске негіз қалайды. Сарапшылардың пікірінше, алдағы 20 жылдың ішінде биотехнология, автономды жүйелер, ғарыш экономикасы, энергияны сақтау, кванттық есептеу секілді маңызды технологиялық үдерістердің тұтас легі пайда болады. Мәселен, ұзақмерзімді болжам бойынша 2035 жылға қарай әлемдік робот техникасы нарығының көлемі 376 миллиард доллардан асады. Виртуалды шынайылық индустриясындағы қаржы айналымы 700 миллиард долларға жуықтайды. Әрине, біздің елдеріміз осы жаһандық жаңашылдықтардан кенже қалмауға тиіс. Еуразиялық экономикалық комиссия перспективті даму бағыттарында нақты тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуі керек деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ЕАЭО-ның сыртқы сауда-экономикалық әлеуетін іске асыру маңызды екенін айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, Одақтың Араб әлемі, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Латын Америкасы елдерімен, сондай-ақ беделді өңірлік экономикалық бірлестіктермен байланыстарын одан әрі кеңейту қажет.
– Қазір Үндістанмен еркін сауда аймағын құру жөнінде келіссөздер белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс басқа да қызмет бағыттары сияқты назар аударуға лайық. Менің ойымша, шағын құрамдағы кездесуде Беларусь Президенті өте дұрыс ұсыныс айтты. Еркін сауда аймағын құратын серіктестер де, сондай-ақ байқаушы мәртебесіне ие болатын елдер де мұқият таңдалуы қажет. Яғни бәрін бірдей емес, шын мәнінде белгілі бір талаптарға сай келетін және Еуразиялық экономикалық одаққа пайда әкелетін елдерді қабылдау керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан ЕАЭО органдарына төрағалығы аясында мүше мемлекеттердің ортақ экономикалық әлеуетін нығайтуға, орнықты дамуын қамтамасыз етуге алдағы уақытта да барынша жәрдемдесе беретінін мәлімдеді.
– Біз бірлесе күш жұмылдыра отырып, маңызды нәтижеге қол жеткізе аламыз және Одақ аясындағы ынтымақтастықты жаңа әрі сапалы деңгейге шығарамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Былтыр ЕАЭО қызметінің стратегиялық бағыттарын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын табысты аяқтадық. Алдымызда Еуразиялық интеграцияны одан әрі дамыту туралы декларацияда қарастырылған көптеген міндет тұр. Сөз соңында алға қойған мақсаттарға жету жолында баршаңызға табыс тілеймін, – деді Қазақстан Президенті.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Вице-премьері Мгер Григорян, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Куба Республикасының Вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Иран Ислам Республикасының өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрі Сейед Мохаммад Аттабак және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев сөз сөйледі.