"БФ Глобал" түрік компаниясы жасаған жоба Щучье көлінің жағасында әлемдік деңгейдегі туристік-ойын-сауық кешенін құруды қарастырады.
Онда қазіргі заманғы талаптарға сай 3700 нөмірлік 9 қонақ үй салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жалпы ауданы 21 мың шаршы метрден асатын ойын-сауық және сауда орталықтары салынады. Кешенге бірнеше казино, 700-ден астам жеке меншік коттедждер мен 1620 пәтерлік 4-5 қабаттан тұратын тұрғын үйлер кіреді.
Жобаны жүзеге асыру "Бурабай" курорттық аумағын танымал жазғы және қысқы демалыс орны ретінде дамытуды көздейді. Гольф-клубтар, ат-спорт орталығы, шыңға өрмелеуге арналған учаскелер осында әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді тартады.
Қыста демалуды сүйетіндер үшін онда мұз айдындары, шаңғы жолбағыттары мен осы заманғы көтергіштері бар тау шаңғысы жолдары ұйымдастырылады.
Жобаны 5 кезеңге бөліп, 12 жылда жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Президент жобаны жасаушыларға курорттық аймақтың көлік инфрақұрылымын салу қажеттігін ескертті.
Елбасы "Бурабай" курорттық аймағы Қазақстанның інжу-маржаны екендігін атап өтті.