Мемлекет басшысының Сирияға бірінші мемлекеттік сапары аяқталды

Президент бүгін Дамаск қаласындағы Сирия ұлттық мұражайында болды. Мемлекеттік сапардың ресми шаралары президент Башар Асадпен бірге таңертеңгілік қонақасымен аяқталды.

Сирия Араб Республикасына бірінші мемлекеттік сапарын аяқтаған Елбасы Дамаск әуежайынан Біріккен Араб Әмірліктері астанасының Әл-Айн әуежайына бет алды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, президент бұл елде қарашаның 5-7 аралығында мемлекеттік сапармен болды. Сапар барысында мемлекет басшысы елдің жоғары басшылығымен келіссөздер жүргізді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік сапары аясында Қазақстан мен Сирия өзара бірнеше құжатқа қол қойды. Атап айтсақ, екі ел білім беру мен ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұған қоса сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар туралы декларация мен Қазақстанның Ауылшаруашылығы министрлігі мен Сирияның Ауылшаруашылығы және аграрлық реформалар министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Келіссөздер барысында тараптар бірлескен үкіметаралық комиссия құру жөнінде шешім қабылдады, ол өзара ықпалдастықтың келешегі бар бағыттарын қарайтын болады.

Экономикалық ынтымақтастықты пәрмендендіру мақсатында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары аясында Дамаск қаласында Қазақстан -Сирия іскерлік кеңесінің бірінші отырысы өтті.

Сонымен бірге, мемлекет басшысы сапар аясында ғұлама әл-Фараби зиратының басында тарихи-мәдени орталық пен кесене салу жобасының іргетасын қалау рәсіміне және Сұлтан Бейбарыстың кесенесін қайта қалыпқа келтіру жобасының тұсаукесеріне қатысады. Аталған жобаларға Қазақстан үкіметі қаржылық қолдау көрсетіп, 4,6 млн. АҚШ долларын бөліп отыр. Әл-Фараби кесенесі мен тарихи-мәдени орталық пен Бейбарыс Сұлтанның кесенесі тәуелсіз Қазақстан тарихындағы шетелдік мемлекет аумағында республиканың қаржысына бой көтеретін бірінші ірі нысандар болмақ.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті