Мемлекет орта техникалық білім алуға кепілдік беруі тиіс - Назарбаев

«Таяудағы екі-үш жылда техникалық кәсіби білім берудің ұлттық жүйесінің өзегін қалыптастыру қажет. Келешекте жастарға мемлекет кепілдендірген орта техникалық білім беруге көшуді қарастыру қажет. Үкіметке биыл 1 маусымға дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын», - деп президент бүгін Астанада халыққа арнаған жолдауында атап көрсетті.

Сонымен қатар, президент үкіметке ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын арттыруды қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.

"2020 жылға қарай елімізде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен жүз пайыз қамту жоспарлануда. Біз осымен жұмыс істеп жатырмыз. Оларды қазіргі заманға сай бағдарлама, оқыту әдістерін, білікті кадрлармен қамтамасыз ету маңызды", - дейді Н.Назарбаев.