Нұрлығайым Жолдасбаева 1954 жылы 5 сәуірде Талдықорған облысы Джержинский ауданының Надеждовка ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітіріп, 24 жыл өмірін құқық қорғау органдарындағы қызметке арнады: Шевченко қаласы халық судьясы, Гурьев, Маңғыстау облыстық соттары төрағаларының орынбасары, ҚР Жоғарғы сотының судьясы болып 8 жыл қызмет атқарды.
2003 жылы еліміз Президентінің Жарлығымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты қызметіне тағайындалды, 2007 жылдан ҚР Парламенті Сенатының Экономикалық және өңірлік саясат тұрақты комитетінің төрайымы қызметіне сайланды.
2011 жылы депутаттық қызметі мерзімі аяқталуына байланысты ҚР Жоғарғы Соты төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
Нұрлығайым Шалданқызы еңбек етуге жан-тәнімен берілген, өзіне жүктелген міндетті кәсіби түрде әрі жауапкершілікпен атқаратын еңбек сүйгіш жандардың бірі болды. Әр заңдағы ережелерді жадында ұстайтын ол өз ісін жетік білетін, ерекше білікті заңгер еді. Әріптестерінің арасында құрметке ие болған атқарған ауқымды істеріне орай 2001 жылы «Еліміздің құрметті судьясы» атағына ие болды. Ел Парламентінің Сенатында қызмет атқарған жылдары өзін азамат, саясаткер және мемлекет қайраткері ретінде көрсете білді, елдің қарышты дамуына, халықтың әл-ауқатын көтеруге және Қазақстанның беделін нығайтуға жәрдемдесетін көптеген заңдарды қабылдауға белсене араласты. 2005 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.
Н.Ш.Жолдасбаева ерік-жігері мол, қайсар азамат болды, ауыр сырқатқа мойынсұнбай қарсы күресе білді. Ол өмірден мезгілсіз өтті, оның артында жұбайы, балалары, немерелері, туыстары, достары, әріптестері қалды.
«Нұрлығайым Шалданқызы біздің жадымызда өмірге құштар, ашық-жарқын мінезді, дарынды заңгер әрі заң шығарушы, нағыз дос әрі әріптес ретінде әрқашан сақталады», - делінген сот жүйесіндегі, депутаттық қызметіндегі серіктерінің, достары мен жолдастарының республикалық басылымдарда жарияланған қазанама мәтінінде.