Мемлекет жалға беретін баспананы енді сатып алуға болады

Түзетуді Индустрия және құрылыс министрлігі әзірледі, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерді жекешелендіру ережесі бар қаулы «Ашық НҚА» сайтына шықты

Не өзгереді?

- «Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» ұғымы болмайды

Мақсаты — әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға жалға алған пәтерін сатып алуға мүмкіндік беру. Бұл олардың баспаналы болуына көмектеседі және мұндай үйді күтіп ұстауға кететін әкімдік шығынын азайтады. 

- Жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру мүмкіндігі пайда болады

Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы баспананы жекешелендіру ережесіне сәйкес, жалға алушы сатып алу құқығынсыз пәтерді сатып ала алмайды. 

Қазақстанда осындай үйде тұратын он мыңдаған отбасы баспананы қалдық құны бойынша сатып ала алады. 

- Жекешелендіру шарты жақсарады 

Қолданыстағы ереже бойынша бастапқы жарна пәтер құнының 30 %-ын құрайды және 10 жыл бөліп төлеуге болады. 

Жаңа ережеде алғашқы жарнаны 10 %-ға төмендету көзделген және бөліп төлеу мерзімі белгіленген. Атап айтсақ:
— тұрғын үйдің қалдық құны 15 млн теңгеден аз болса — 10 жылға дейін;
— 15 млн теңгеден көп болса — 15 жылға дейінгі мерзімге рәсімдеуге болады. Қалдық құн — үйдің физикалық тозуын есепке алғандағы бастапқы бағасы. 

Бөліп төлеуді есепке алғанда жалпы төлем сомасы кестеде көрсетіледі және ол жекешелендіру келісімінің маңызды қосымшасы болады.